Жаңа ереже 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енеді. Үкімет 2027 жылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібін бекітті. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Astana TV.
Құжатта атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) мөлшері, оны тағайындау шарттары және мемлекеттік қолдаудың қажет еместігін анықтайтын критерийлер нақты көрсетілген. АӘК көлемі отбасының әр мүшесіне келетін орташа табыс пен өңірдегі (облыс, республикалық маңызы бар қала немесе елорда) кедейлік шегінің айырмашылығы ретінде есептелінеді.
Бұл көмек екі түрлі форматта беріледі:
-
Шартсыз ақшалай көмек – еңбек етуге мүмкіндігі шектеулі немесе жағдайы жоқ азаматтарға арналған. Бұған зейнеткерлер, I және II топтағы мүгедектігі бар жандар, сондай-ақ 2 айдан астам уақытша еңбекке жарамсыз аз қамтылған тұрғындар кіреді. Сондай-ақ отбасында еңбекке қабілетті адам мүлде жоқ болса да осы көмек тағайындалады. Егер үйдегі жалғыз еңбекке қабілетті азамат 3 жасқа толмаған балаға, мүгедектігі бар балаға, I немесе II топтағы мүгедекке не күтімді қажет ететін қарияға қарап отырса, ол да шартсыз көмек ала алады.
-
Шартты ақшалай көмек – бұл форматты алу үшін мемлекетпен міндетті түрде әлеуметтік келісімшарт жасасу талап етіледі.
Сонымен қатар учаскелік комиссиялар азаматтардың тұрмыс жағдайын тексеруді жалғастырады. Егер комиссия отбасының жағдайын жеткілікті деп тапса («мұқтаждық жоқ» деп қорытынды шығарса), бұл көмек беруден бас тартуға негіз болады.
Айта кетейік, 2027 жылдан бастап әлеуметтік қолдау жүйесі түбегейлі жаңа форматына көшеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік жәрдемақылардың 14 түрін тағайындау барысында отбасының әл-ауқатын кешенді түрде бағалайтын болады. Бұдан былай мемлекет тек азаматтардың белгілі бір санатқа жататынын ғана емес, отбасының нақты тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын басты назарға алады.