ҚФФ «Ақтөбе» мен «Ордабасы» клубтарына айыппұл салды

фото: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитеті Премьер-лиганың 23-турындағы «Ақтөбе» – «Ордабасы» матчы кезінде болған тәртіп бұзушылықтарға қатысты шешім шығарды. Нәтижесінде екі клуб та қаржылай жазаға тартылды, деп хабарлайды Astana TV.

«Ақтөбе» командасына ойынды ұйымдастыру мен қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Федерация дерегіне сәйкес, клуб директоры Б.Дүзелбаев төрешілердің бөлмесіне рұқсатсыз кіріп кеткен. Мұнан бөлек, актөбелік жанкүйерлердің матчы кезінде әдепсіз сөздер айтып, қарсыластарға тіл тигізгені үшін клубына қосымша 200 АЕК айыппұл жүктелді. Ал бас бапкер Игорь Черевченко жасаған мәлімдемелері үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейтін болды.

Ал шымкенттік «Ордабасы» клубы матчының басталуын үш минутқа кешіктіргені үшін 60 АЕК айыппұл арқалады. Бұған команданың шешіну бөлмесінен алаңға белгіленген уақытта шықпай қалуы себеп болған.

ҚФФ барлық айыппұл сомасын 2026 жылдың 20 қарашасына дейін толық төлеу қажет екенін ескертті. Сондай-ақ федерация клубтардың ойынды ұйымдастыруға, қауіпсіздік шараларына, сондай-ақ өкілдері мен жанкүйерлерінің тәртібі үшін қатаң түрде жауапты екенін еске салды.