14 жастағы Ксенияның домбыра тартып отырған видеосы бірнеше сағат ішінде 100 мыңнан астам қаралым жинады
Қызды блогер Эмин Хаджиев кездестіріп, домбырада ойнап беруін өтінген еді. Алғашқы әуеннен-ақ оның аспапты жай ғана қызығушылық үшін емес, шын ықыласымен меңгеріп жүргені байқалды, деп хабарлайды Astana TV.
Ксения бірнеше жылдан бері домбыра тартып келеді. «Неліктен дәл осы аспапты таңдадың?» деген сұраққа ол «домбыраның терең, жанды әрі ешбір аспапқа ұқсамайтын үні ұнайды» деп жауап берді. Қазір жас өнерпаздың өзіне арнайы жасалған домбырасы бар. Оның құны арзан болмаған, атап айтқанда 1 миллион теңге. Анасы аспапты несиеге сатып алған. Ал Ксенияның мақсаты айқын: болашақта ең үздік орындаушылардың бірі болу.
Видеоға жүздеген адам пікір қалдырып, жылы лебіздерін білдірген. Көпшілік роликтің жүректі елжіретіп, көздеріне жас үйіргенін жазған. Сондай-ақ олар отбасының домбыра үшін алған несиесін өтеуге көмектесу мақсатында қаражат жинауды ұсынған. Жұрттың ортақ пікірі–домбыра халықтың жаны, сондықтан мұндай дарынды қыз қолдаусыз қалмауы керек. Кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар да Ксенияға көмектесуге ниет білдіріп отыр. Бұл–қоғамымыздың бірлігі мен жанашырлығының айқын көрінісі.
Домбыра–Ұлы даланың ең көне музыкалық аспаптарының бірі. Археологтардың деректеріне сүйенсек, оның ежелгі үлгілерінде осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын ойнаған. Қарапайым көрінетін қос ішекті аспап арқылы тұяқ дүбірін, желдің үнін, қуаныш пен мұңды, тұтас бір халықтың тарихын жеткізуге болады.
Домбырада Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Тәттімбет және басқа да көптеген күйші-композиторлардың туындылары орындалады. 2014 жылы домбырамен күй орындау өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілді.
Қазақстанда Ұлттық домбыра күні шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде концерттер, флешмобтар мен ашық алаңдарда музыкалық қойылымдар ұйымдастырылып, домбыраны балалар да, ересектер де қолына алады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде домбыраның ел үшін маңызын үнемі атап өтіп, оны ұлттық символ әрі халықтың баға жетпес мұрасы ретінде дәріптеп келеді.Мемлекет басшысы домбыраны кеңінен насихаттау үшін бар күшті жұмылдыруға шақырды. Мәдениет пен өнерді дамытуға қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Ксенияның оқиғасы жекелеген жағдай ғана емес. Бүгінде Қазақстанда үйірмелер мен секцияларға шамамен 3,5 миллион бала қатысады. Олардың 2,2 миллионға жуығы мемлекеттік тапсырыс аясында тегін білім алады. Музыкалық мектептерде, мәдениет үйлері мен студияларда балалар домбыра, қобыз, сыбызғы және басқа да ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді.
Бұл еліміздің миллиондаған баласына өз қызығушылығын тауып, талантын ашуға және туған жерінің мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Балалар музыкамен қатар спортпен, сурет салумен, бимен және техникалық шығармашылықпен де айналысады. Әрбір үйірме–елдің болашағына қосылған үлес.
Бүгінде домбыраның түрлі ұлт өкілдерін біріктіруі де ерекше құнды. Бұл аспапта қазақтармен қатар орыстар, кәрістер, украиндар, татарлар, немістер және Қазақстанды өз үйі санайтын өзге де этнос өкілдері ойнайды. Әлеуметтік желілерде домбыраны алғаш рет қолына алып, «Адай» немесе «Сарыарқа» күйлерін орындаған шетелдіктердің видеолары да жиі жарияланады.