Қызылжарда Жұмысшы кентінің жүздеген тұрғыны билікке талап қойды

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2026

Қызылжарда Жұмысшы кентінің жүздеген тұрғыны бас көтерді. Жұрт елдімекен мен қаланы байланыстыратын жаяу жүргіншілерге арналған көпірді қайта ашуды талап етіп отыр. Теміржол үстінен салынған бетон өткелдің әбден тозығы жеткендіктен, билік оны апатты деп жауып қойған. Мәселенің мән-жайын толығырақ  тілшіміз Абзал Құрманкин жеткізеді.

Теміржол үстіндегі өткел шамамен 60 жыл бұрын салынған. Нысанда шұрық-тесік көбейіп, бетон мүжіле бастаған соң, ол апатты деп танылыпты. Бірақ  тұрғындар оны қайта ашуды талап етіп отыр.

АЙЖАН ЖӘУЛЕТБАЕВА, ЖҰМЫСШЫ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ

Мен жұмыс істеймін Бензостройда. Маған ауылды айналып, вокзалға бару керек. Вокзалдан тағы екі автобус. Сонда мен 400-500 теңге кетеді ақшам. Мына жерден жарты сағатта жұмысқа жететін ем. Жауып тастапты.

Жұмысшы кентінен қалаға қатынайтын автобустар барлық шағын аудандарды қамтымайтын көрінеді. Сондықтан жұрт қосымша шығынға ұшырап отыр.

ИРИНА АБРАМОВА, ЖҰМЫСШЫ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ

Көпір апатты емес. Жұмысшы кентіндегі көліктерге арналған көпірдің жағдайы бұдан да нашар. Бірақ ол жерден күнде қаншама көлік өтеді. Ал мына көпір адамдарды көтере алмайды, дейді құзырлылар. Бізге ең алдымен жаңа көпір салып берсін.  Сосын мұны жабуға болады.

Ал билік өкілдері тозығы жеткен көпір қауіпті дейді. Нысан құрылысы бюрократиялық кедергілерге байланысты созылып жатқан көрінеді. Себебі,  теміржол Ресейге тиесілі.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ

Нысанның техникалық жағдайын тексеру барысында адамдарға қауіп төндіруі мүмкін жағдайлары анықталған болатын. Осыған байланысты көпір уақытшы жабылды. Сондай-ақ, көпірді жөндеу және аталған жұмыстарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргізу мәселесін қарастыру туралы Ресей тарапына ресми өтініш жолданды.

Тұрғындардың қалаға қатынауын жеңілдету үшін шенеуніктер қосымша автобустар жіберген.  Сонымен қатар қоғамдық көліктің жұмыс уақытын да кешкі сағат онға дейін ұзартты. Бірақ бұл шара қашанға дейін созылатыны және көпірдің қашан ашылатыны әзірге белгісіз.