Концертке билет сатқан жігіт екі жылға сотталды

Фото: TengriNews

Ол ресми сайттан алған билетін өзгертіп, жалған нұсқасын сатып пайда көрген

30 жастағы ер адам ресми сайттан екі билет сатып алып, олардың деректемелерін өзгерту арқылы жалған жасап, Threads әлеуметтік желісінде концертке билеттерді сату туралы хабарландырулар орналастырған, деп хабарлайды Astana TV.

Хабарландыруға екі азамат, оның ішінде кәмелетке толмаған бала жауап берген. Олар сатушыға 50 және 40 мың теңге аударып, сатып алған.

Ақшаны алған соң, ер адам сатып алушыларды бұғаттап, байланысқа шықпай қойған. Жалпы залал 90 мың теңгені құрады.

Сот үкімімен залалдың өтелуін және кінәні толық мойындауын ескере отырып, оған бүкіл кезеңге пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

Астана қаласының прокуратурасы билеттерді тек ресми көздер арқылы сатып алуға және әлеуметтік желілердегі таныс емес сатушыларға ақша аудармауға шақырады.