Республика күніне орай 2 мыңнан астам азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Білім мен ғылым, мәдениет пен денсаулық сақтау саласының мамандары, жұмысшы мамандық өкілдеріне және еңбек ардагерлері мен кәсіпкерлер де қалыс қалмады. Ел дамуына елеулі үлес қосқан сала саңлақтары марапаттарын Мемлекет басшысының қолынан алды. Ақордадағы айтулы жиын жайлы Сержан Айтжан айтады.
Биыл Республика күні ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында атап өтілуде. Бұл кезеңде дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның тарихы тереңдеп, беделі беки түскені анық. Мемлекеттік Рәміздер бекітіліп, Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреді. Төл валютамыз теңге айналымға енді. Шекарамыз шегенделді. Елордамыз Алатаудың етегінен Арқаның төріне көшті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақта «Ынтымақ – мызғымас қорған» деген сөз бар. Біз – болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлтпыз. Шын мәнінде, біз татулық пен тұрақтылықтың арқасында сан түрлі сынақтан сүрінбей өттік. Ел игілігін еселеп, өркениетіміздің өрісін кеңейттік. Біртұтас ұлт ретінде түбегейлі өзгерістерді табысты жүзеге асырдық. Ең бастысы, халқымызға айнымас бағдар болатын қастерлі құжат – Конституциямызды біртұтас ел болып қабылдадық.
Сан саланы қамтыған реформалар елді жаңа белеске шығарды. Мәселен, кейінгі жеті жылда экономика 30 пайызға жуық өсті. Жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім көлемі 15 мың доллардан асты. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар қаржы аударылды. Өткен жылы 20 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Ал азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Әлемдегі ең ықпалды елдер қатарында 34-орынға тұрақтады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сондай-ақ біз озық технологияға негізделген өндірісті дамытуға жол аштық. Соңғы бес жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 45 пайыздан асты. Осылайша, Қазақстан индустриясы дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп жатыр.
Сонымен бірге, жеті жыл ішінде он мыңдаған шақырым автокөлік жолы мен теміржолдар салынып, жөнделді. Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған көлік, энергетика және цифрлық тораптар Қазақстан арқылы өтіп, елімізді тоғыз жолдың торабына айналдырды. Әрине, бұл тұста сындарлы және жауапты сыртқы саясаттың мығым болуы маңызды. Көк төлқұжаттың мәртебесі де жоғары. Жиында Президент еліміздің азаматтары мен бизнес өкілдері үшін барлық елдің есігі ашық екенін тілге тиек етті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге қаржы бөлінді. Мұны халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін салынған инвестиция деп қабылдаған жөн. Қазір барлық аймақта, әсіресе, ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің сапасы артып келе жатыр. 2019 жылдан бері еліміз бойынша 1259 денсаулық сақтау мекемесі салынды.
Еліміздің ғылыми әлеуеті де қарыштап дамып жатқаны рас. Балабақшалар ашылып, заман талабына сай мектептер бой көтеріп жатыр. Жастарға жайлы жағдай жасап, кейінгі жеті жылда жоғары білім алуы үшін жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінген. Расында, қай саланың болмасын дамуы үшін, білікті кадр қажет. Ал білімі мен жұмысы жұртқа үлгі болған, 2 мың азамат Ақордада Мемлекет басшысының қолынан марапат алды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Еліміздің абыройын асырып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету – мемлекеттік саясатымыздың өзегі. Мен Республика күні қарсаңында сіздерге және барша отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры мәңгі болсын! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!
Еркіндік пен егемендік бұл әлемнің көп ұлттарына бұйырмаған бақ. Ал сол бақтың баста тұруы үшін бірлік пен ынтымақ керек.