Ел тірегі – еңбек, мемлекет мерекесі – бірлік. Шымкентте ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында «Қызғалдақ» сарайында ауқымды салтанатты шара өтті. Басқосуда қала басшысы шаһар тұрғындарын құттықтап, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс айтты.
Мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде кіргізу рәсімінен басталып, еліміздің Әнұраны орындалды. Салтанатты жиын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ұлттық мерекемен құттықтау сөзімен ашылды.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Ұлттық мерекеміз Республика күні қарсаңында адал еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне атсалысып жатқан әрбір азаматқа шынайы алғысымды білдіремін. Елдігіміз еңселі, егемендігіміз баянды болсын! Көк туымыз мәңгілік желбіресін! Республика күні әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ әкелсін!
Салтанатты жиын барысында бірқатар азамат жоғары марапатқа ие болды. Олардың қатарында мұғалімдер мен дәрігерлер, қарапайым еңбек адамдары бар.
ӘЛИЯ АРЫСТАНБЕКОВА, III ДӘРЕЖЕЛІ «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ:
Мен күтпедім шынымды айтсам. Ешуақытта еңбегің елеусіз қалмайды екен. Сол үшінде айтқм келеді, еңбек адамдарын бүгін елеп, марапаттап жатқаны үшін алғысымды білдіремін.
НҰРЖАУ САРМАНОВ, III ДӘРЕЖЕЛІ «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ:
Рақмет айтамыз, еңбегімізді ескеріп, осы марапатты беріп жатқан. Енді көңіл күйімізді айта алмаймыз, бірінші марапатымыз.Толқып тұрмын.
Іс-шарада «Бүгінгі Қазақстан» атты мультиформатты музыкалық-театрландырылған қойылым көрермен назарына ұсынылды. Сегіз көріністен тұратын мюзикл бір отбасының тағдыры арқылы тәуелсіз Қазақстанның 35 жылдық тарихын баяндады.