"Әділет" партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттың бірі - миллион жаңа жұмыс орнын ашу. Оның ішінде мұнай-газ саласы да назардан тыс қалмайды. «Әділет» партиясы іскерлік кеңесінің мұнай-газ секторы мәселелері жөніндегі салалық кеңес отырысына депутаттар, салалық ведомствалар мен Ұлттық компаниялардың өкілдері және қауымдастық мүшелері қатысты. Басты мақсат - ірі жобалардағы қазақстандық компаниялардың үлесін арттырып, жергілікті кәсіпкерлерге тапсырысты ұлғайту. "Қазмұнайгаз" мәліметінше, алдағы 5 жылда жаңа жабдықтар мен қондырғыларға 2,3 трлн теңге қажет. Отандық кәсіпорындарда халықаралық сертификаттау үшін қажет заманауи зертханалардың тапшылығы сезіліп жатыр. Қатысушылар компаниялар арасындағы теңсіздік және сатып алу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
ЭЛЬДАР ЖҰМАҒАЗИЕВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Партияның берген уәделерінің бірі – миллион тұрақты жұмыс орнын құру. Сол мәселені мұнай-газ саласында қалай шешеміз, қандай алғышарттары бар, заңдарда қандай кемшіліктер бар? Соған қатысты бүгін көптеген әңгімелер болды. Мемлекеттік бағдарламалар қалай өзгеруі керек, осы саладағы үлкен компаниялардың сатып алу саясаты қалай өзгеруі керек деген сұрақтарға жауап іздедік. Қазақстандағы өндіріліп жатқан тауарларды өзіміз шығаруды көбейтуіміз керек. Осы сайлауалды берген уәделеріміздің барлығын орындауға тырысамыз.