Маңғыстауда жаңа теміржол вокзалы ашылды

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2026

Маңғыстау облысында теміржол вокзалы жаңартылды. Аумағы 9 мың шаршы метр болатын заманауи ғимарат тәулігіне 2,5 мың жолаушыға қызмет көрсете алады. Салтанатты шараға Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, теміржол саласының ардагерлері мен өңір тұрғындары қатысты. 

Хай-тек стилінде салынған, 60 жылдан кейін жаңартылған  9 мың шаршы метрлік вокзал жолаушыларға есігін айқара ашты. Бұрынғы бір қабатты ғимаратпен салыстырғанда жаңа нысанның аумағы 11 есе үлкен.

НҰРДАУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл неше жыл бойы сұранып тұрған вокзал еді. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған. Үкіметке рақмет. Ішінде заманауи жабдықтармен жасақталған. Мұның әлде де жалғасы болады. Үшінші жолға шығып кететін жағы, ол енді екінші этапқа кіреді

Жаңа вокзал тәулігіне 2,5 мың жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген. Ал жазғы маусымда 4 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Ғимаратта 6 лифт, 2 эскалатор және 5 траволотор орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да қажетті жағдай жасалған.

ТАБЫЛДЫ ӘМІРОВ, ТЕМІРЖОЛ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Ардагер теміржолшы ретінде қуанышым ерекше. Себебі 50 жыл қызмет жасап теміржолда, осыны күттік. Бірақ енді бұрынғы вокзалға да өкпе жоқ, себебі кезінде халыққа қызмет жасады, сол жерде талай тойлар болды,  халық келін түсіріп сол вокзал арқылы, сол жерден армияғ, абалаларын шығарып салды. Бірақ енді заман өзгерді, Жаңа Қазақстан дейміз

Жаңа вокзалдың сәулеттік шешімдері де Маңғыстау табиғатымен үндеседі. Ғимарат Каспий теңізінің толқындары мен өңірдің табиғатынан шабыт алып жасалған. Ал жолаушыларды шығарып салатын және қарсы алатын тұрғындарға ыңғайлы болу үшін вокзал маңынан 160 автокөлікке арналған тұрақ салынған.