Семейде Қамқоршылар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Абай облысы құрылғаннан бері алғаш рет ұйымдастырылған жиынға өңірдің әр ауданынан 30 қамқоршы қатысты. Бүгінде облыста 421 бала қамқоршылықта болса, тағы 29 бала патронаттық тәрбиеде. Мерекелік шарада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға отбасы жылуын сыйлаған азаматтарға құрмет көрсетілді.
Людмила Нурганова бес жылдан бері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған төрт баланы тәрбиелеп келеді. Оларды бауырына басқанда ең кішісі небәрі бір жаста болған.
ЛЮДМИЛА НУРГАНОВА, ҚАМҚОРШЫ:
Бізге білім бөлімі мен әкімдік үнемі қолдау көрсетіп келеді. Осындай кездесулер ұйымдастырып, балаларды құттықтап, сыйлықтар беріп, олардың қамқорлықты сезінуіне жағдай жасап жатқандары үшін алғыс айтамын. Қандай да бір мәселе туындаса немесе кеңес қажет болса, әрдайым көмек сұрай аламыз. Тіпті жұмыс уақытынан тыс кезде де өтінішімізге жауап беріледі.
Қамқоршыларға «АНА ҮЙІ» қоғамдық қорының атынан алғыс хаттар мен тұрмыстық техника сатып алуға арналған сертификаттар табысталды. Іс-шараны облыстық Білім басқармасы, Бала құқықтарын қорғау басқармасы және «АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған.
АЙНАГҮЛ НҰРТАЗИНА, «АНА ҮЙІ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ӨКІЛІ:
Бүгінгі шара арқылы қамқоршыларға құрмет көрсетіп қана қоймай, оларды өзгелерге үлгі еткіміз келеді. Балаларға мейірім мен отбасылық жылулық сыйлап жүрген жандардың еңбегін көпшілікке таныстыру маңызды. Өйткені өзге де, бөтен де бала болмайды. Әр бала отбасында тәрбиеленіп, жақындарының қамқорлығын сезінуге лайық.
Ұлттық бала асырап алу агенттігі құрылғаннан бері елімізде 2 мыңнан астам бала отбасына орналастырылған. Ал «АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры 13 жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік жетімдіктің алдын алумен айналысады. Қор қамқоршы және асырап алушы отбасыларға психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеді. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған аналарға балаларын өз тәрбиесіне қайтаруға қолдау жасайды.