СҚО-да полицейлер "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы аясында тексерілген 7 ауыр жүк көлігінің 4-еуінен артық салмақ анықтады, - деп хабарлайды Astana TV.
"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын күшейтті. Өзекті мәселелердің бірі – ауыр жүк көліктеріне белгіленген салмақ нормаларын сақтау. "Оңтүстік" бақылау бекетінде инертті материалдар тасымалдаған 7 жүк көлігі тоқтатылды. Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері олардың төртеуінен рұқсат етілген салмақ нормасының асып кеткенін анықтады. Көлік иелері жауапкершілікке тартылды. Полицейлер шамадан тыс жүк тиелген көліктердің жолдағы қауіп-қатерді арттыратынын ескертеді. Артық салмақ көлікті басқаруды қиындатып, тежеу жолын ұзартады. Полицейлер белгіленген салмақ нормасын асыру жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырып, олардың салдарын ауырлатуы мүмкін екенін атап өтеді. Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау жұмысы жол қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.