Республика күні қарсаңында «Әділет» партиясының 27 өкілі мемлекеттік наградалар иеленді. Олардың қатарында Орталық аппарат пен өңірлік филиалдардың қызметкерлері, меценаттар, кәсіпкерлер және қоғам белсенділері бар. Астанада өткен салтанатты іс-шарада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан наградаларды партия төрағасы Айбек Дәдебай табыстады, деп хабарлайды Astana TV.
Мемлекет басшысының Жарлығымен партияның 26 қызметкері мен жақтасы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал «Құрмет» орденін Түркістан облысынан келген Қаршыға Ақтөреева иеленді. Ол «ARSENAL.SAD» селолық тұтыну кооперативін басқарады және партияның облыстық филиалындағы Әйелдер қанатының жұмысына белсенді атсалысады.
Қаршыға Ақтөрееваның айтуынша, мемлекеттік награда – жеке өзінің ғана емес, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің де еңбегі еленгенінің белгісі.
«Құрылтай сайлауы кезінде «Әділет» партиясы Түркістан облысының шаруаларымен кездесіп, ауыл тұрғындарын толғандырған проблемаларды тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша шешімдер қабылдағанын жоғары бағалаймыз. Бұл награданы жеке өзімнің ғана емес, ауыл шаруашылығы саласындағы барша қызметкердің еңбегіне берілген жоғары баға деп санаймын», – деді ол.
Іс-шараға қатысушыларды құттықтаған Айбек Дәдебай ұлттық мерекенің тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, биыл Қазақстан бұл мерекені ауқымды саяси өзгерістер кезеңінде қарсы алып отыр. Жалпыұлттық референдумда жаңа Конституция қабылданып, бірінші шақырылымдағы Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады.
«Республика күні – Тәуелсіздігіміздің, бірлігіміз бен мемлекеттілігіміздің символы. Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғаннан бергі 36 жылда Қазақстан үлкен жолдан өтті. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде мемлекеттілікті нығайтуға және Қуатты әрі Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. «Әділет» партиясы Президент бағытын қолдайды және жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыруға белсенді атсалысады», – деді ол.
Марапат иелеріне қарата айтқан сөзінде партия төрағасы мемлекетіміз жеткен жетістіктердің артында қазақстандықтардың күнделікті еңбегі тұрғанын атап өтті. Ол жеке кәсіби жолында ғана жетістікке жетіп қоймай, қоғам өміріне белсенді араласатын, әлеуметтік бастамаларды қолдайтын және өңір тұрғындарының мәселелерін шешуге көмектесетін азаматтардың еңбегіне ерекше тоқталды.
Сөз соңында Айбек Дәдебай марапат иелеріне алғыс айтып, іс-шараға қатысушыларды алдағы Республика күнімен құттықтады. Сондай-ақ ол барша қазақстандықтарға бейбітшілік, бақ-береке және өсіп-өркендеу тіледі.