«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері Республика күні қарсаңында елорданың халықаралық әуежайында мерекелік акция өткізді, деп хабарлайды Astana TV.
Акция аясында елордаға келген шетелдік қонақтарға Қазақстанның мемлекеттік туы мен шоколад таратылды. Осылайша, еріктілер қала қонақтарын қарсы алып, ұлттық мереке қарсаңында оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Елорда қонақтарының арасында түрлі елден келген халықаралық спорт жарыстарына келген спортшылар да болды. Қазір қалада күрестен әлем чемпионатына қатысу үшін келген спортшылар мен спорт саласының өкілдері бар.
Айта кетейік, Республика күні қарсаңында Астанада мәдени, қоғамдық, спорттық және патриоттық іс-шаралар өтіп жатыр.