Астанадағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде күзгі шақырылымның 750-ге жуық сарбазы Отанға адал қызмет етуге ант берді, деп хабарлайды Astana TV.
Республика күні қарсаңында өткен салтанатты рәсім жас жауынгерлер үшін ерекше мәнге ие болды.
Отан қорғаушылар Қазақстанның әр өңірінен әскери қызметке шақырылған. Олар жас жауынгер курсынан сәтті өтіп, әскери істің негіздерін меңгеріп, әскери жарғылардың талаптарымен танысты.
Жас ұландықтардың өміріндегі маңызды сәтке куә болу үшін бес мыңнан астам адам жиналды. Олардың қатарында ата-аналар, туған-туыстар, достар, ардагерлер мен құрметті қонақтар болды.
Әскери қызметшілерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бекайдар Қазкеев ақжарма тілегін арнады. Ол Республика күні қарсаңында әскери ант қабылдаудың символдық мәні бар екенін атап өтті. Өйткені әскери борышқа адалдық пен азаматтарды қорғауға дайын болу елге қызмет етудің маңызды бөлігі саналады.