«Дала дәмі» жәрмеңкелерінде 7,5 мың тоннадан астам өнім ұсынылды

Фото: Астана әкімдігі

Қазақстанда өтіп жатқан «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері аясында осы аптада еліміздің барлық өңірінде 7,5 мың тоннадан астам азық-түлік сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Astana TV.

Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратынша, жәрмеңке халықты қолжетімді әрі балғын өніммен қамтамасыз ету, фермерлер мен тұтынушылар арасындағы делдалсыз тікелей сауданы дамыту мақсатында ұйымдастырылуда.

Осы аптада Астанаға 3 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. 24–25 қазанда «Қазанат» ипподромының аумағында өткен жәрмеңкеде Қарағанды және Қостанай облыстарының 140-тан астам кәсіпорны мен шаруасы өз өнімдерін ұсынды. Елордада күзгі жәрмеңкелер 19 қыркүйектен бері өтіп келеді. Осы уақыт ішінде Астанаға Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының фермерлері келіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалады.

Бұл формат отандық өндірушілерге нарықты кеңейтуге, ал халыққа сапалы тауарды тиімді бағада сатып алуға мүмкіндік береді.