Қазақстандық балуан Исхар Курбаев Астанада өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Astana TV.
ҰОК ақпаратынша, отандасымыз жарыстан кейін берген сұхбатында қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтып, отбасында болған қайғылы жағдай туралы айтқан.
"Осындай қолдауды сезініп тұрып, жеңіліп қалу қиын екен. Сондықтан маған қолдау білдірген барша жанға алғысымды айтамын. 55 келіде күресу үшін салмақ тастадым. Алға қойған басты мақсатым - алтын медаль алу еді. Дегенмен қола медаль бұйырып тұр екен. Алғашында сегіз келі салмақты қалай тастаймын деп алаңдадым. Өйткені бұл бір-екі айда атқарылатын жұмыс емес. Жыл басынан бері көп еңбек еттік. Негізі, бұған дейін 60 келіде күресіп жүрдім. Алайда әлем чемпионаты өз елімізде өтетін болғандықтан, шынымды айтсам, 55 келіде мүмкіндік көп болды. Жартылай финалда тактикалық тұрғыдан қателік жіберіп, қарсыласыма есе жібердім.
Өкінішке қарай, осы жарысқа аз уақыт қалғанда Жігер есімді бауырым, бөлем дүниеден өтті. Оның менің жеңісімді көре алмай кеткені өте өкінішті. Осы қола медалімді бауырыма арнаймын", - деді Курбаев