Соңғы бес жылда Қазақстанда мыңнан астам медициналық нысан ашылды

Фото: Үкімет

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру барысында Қазақстанда бес жылда 1 мыңнан астам жаңа медициналық нысан ашылып, кадр тапшылығы 20,4%-ға қысқарды

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәрігерлердің мәртебесін арттыру, медициналық білім беру сапасын жақсарту және денсаулық сақтау саласына заманауи технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмалары жүзеге асырылуда. Үкімет дәрігерлерді қолдау шараларын кеңейтіп, кадр даярлау жүйесін жетілдірумен қатар, медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуда, деп хабарлайды Astana TV.

Бес жылда 1 003 жаңа медициналық нысан ашылды

Елімізде 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, 3 ғылыми медициналық орталық және қан орталығы мен оңалту орталықтарын қоса алғанда, өзге де 9 ұйым ашылды. Оның 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді.

Дәрігер тапшылығы 20,4%-ға қысқарды

Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 84 мыңға жуық дәрігер еңбек етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша дәрігер тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда 20,4%-ға, ал ауылдық жерлерде 28,3%-ға азайды.

Әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған дәрігерлер саны 2,2 есе өсті

2025 жылы 1 760 дәрігер әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Тұрғын үймен қамтамасыз етілген дәрігерлер саны 3,3 есе өсіп, 727 адамға жетті. Сондай-ақ ауылдық жерлерде тапшы мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 529 маманға 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем берілді.

 72 мыңнан астам адам медициналық мамандықтар бойынша білім алуда

Дәрігер мамандарды 8 медициналық университет, көпсалалы жоғары оқу орындарының 7 факультеті және 17 ғылыми ұйым даярлайды. Медициналық білім алушылар жалпы саны 72 мыңнан асады. Оның 61 мыңнан астамы жоғары білімнің негізгі деңгейінде, 11 мыңнан астамы жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейде оқиды. Бұдан бөлек, медициналық колледждерде 110 мыңға жуық адам білім алуда.

Қазақстанда 760 медициналық білім беру бағдарламасы тіркелген

Оның төртеуі инновациялық бағыттарды қамтиды: «Кинезитерапия», «IT-медицина», «Фармация және иммунобиологиялық препараттар биотехнологиясы» және «Мейіргер ісі ғылымы». Сонымен қатар тәжірибелік даярлықты күшейту үшін симуляциялық орталықтар желісі дамып, клиникалық тәлімгерлік институты енгізілуде.

Дәрігерлерді даярлау өңірлердің қажеттілігіне бейімделуде

Білім беру гранттарын бөлу кезінде өңірлердегі аурушаңдық деңгейі, кадр тапшылығы, демографиялық көрсеткіштер және мамандарға деген болжамды сұраныс ескеріледі. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесінде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі күшейтілуде.

Медициналық білім мен ғылымға жасанды интеллект енгізілуде

Білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні қолдануға арналған пәндер енгізілуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде медицинадағы жасанды интеллект бағыты бойынша орталық ашылды. Сонымен қатар қалалық деңгейдегі медициналық деректерді талдап, тәуекелдерді болжауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектесетін жүйе әзірленуде.

Денсаулық сақтау саласын дамыту медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуды, дәрігерлерді қолдауды, кадр даярлауды және заманауи технологияларды енгізуді қамтиды. Негізгі міндет – кадр тапшылығын азайтып, мамандарды өңірлерде тұрақтандыру және медициналық көмектің сапасын арттыру.