Түркияда ғимарат шатырынан құлап мерт болған 26 жастағы Айсұлу Бекмаханованың ісіне қатысты тергеу жүріп жатыр
Ыстанбұлда қазақстандық келіншектің жұмбақ жағдайда қаза табуына байланысты екі адамның ұсталды, деп хабарлайды AstanaTV.
DHA агенттігінің мәліметінше, полиция бұл іске қатысы бар деген күдікпен Ресей азаматы Дарья Б. мен жергілікті дүкен иесі Мазхар Т.-ны қолға түсірді. Әзірге олардың қайғылы оқиғаға нақты қатысы бар-жоғы ресми түрде расталған жоқ.
Оқиға 25 қазан күні таңертең Шишли ауданында болған еді. Алдын ала мәліметтер бойынша, 26 жастағы Айсұлу Бекмаханова алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен. Ол берік емес конструкцияны басып қалып, абайсызда төменге құлап кеткен болуы мүмкін. Қыз оқиға орнында көз жұмған.
Түрік журналистері қазақстандық әйелдің қазасына аз уақыт қалғанда түсірілген суретін жариялады. Онда марқұмның көрші ғимараттың шетінде отырғаны көрінеді. Бұл кадрды марқұммен бірге тұрған көршісі Дарья түсіргені анықталды.
Дарья полицияға берген жауабында таңғы сағат 08:15 шамасында құрбысын шатырдан көріп, кейін қайтуды өтінгенін айтқан. Алайда Айсұлу бұдан бас тартып, оған қайтадан ұйықтауға кеңес берген. Кейін қатты музыка дауысынан оянған ол бөлмеде құрбысының жоқ екенін байқап, сыртқа қараған кезде төменде жатқан марқұмды көрген.
Тергеушілер қыздың өліміне дейін 35 жастағы Мазхар Т.-мен кездескенін де анықтады. Ер адамның айтуынша, Айсұлу оның үйіне таңғы сағат 05:30 шамасында келіп, 07:40-та кетіп қалған. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары марқұмның шатырға неліктен шыққанын және құлау алдындағы барлық мән-жайды жан-жақты тексеріп жатыр.