Жасөспірімнің аяғы комбайн орағына қысылып қалды

Фото: скриншот

Түркістан облысында құтқарушылар комбайн орағына аяғы қысылып қалған жасөспірімді аман алып қалды

ТЖМ қызметкерлері арнайы құралдардың көмегімен 15 жасар баланы зақымдалған техникадан босатып, дәрігерлерге тапсырды, деп хабарлайды Astana TV.

Түркістан облысына қарасты Асықата ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде оқыс оқиға болды. Жергілікті шаруашылық аумағында 2009 жылы туған жасөспірім егін жинау техникасын жөндеуге көмектесіп жүріп, жазатайым оқиғаға ұшыраған. 

Комбайнды жөндеу барысында байқаусызда жасөспірімнің аяғы агрегаттың орағына қысылып қалған. Айналадағылар өз бетінше көмектесе алмаған соң, бірден 112 шұғыл қызметіне дабыл түсірді.

Оқиға орнына құтқарушылар санаулы минутта жетті. Мамандар жағдайдың күрделілігіне қарамастан, арнайы авариялық-құтқару құралдарын қолдана отырып, металл бөлшекті абайлап ажыратты.

Шұғыл әрі сауатты әрекеттің арқасында жасөспірім аман-есен босатып алынды. Оған оқиға орнында алғашқы көмек көрсетіліп, бірден жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды.