Солтүстік теңізде, Нидерланд жағалауына таяу жерде дауылға ұшыраған UHL Freedom жүк кемесі якорінен айырылып, басқаруға келмей, істен шыққан
Кеме бортында 25 экипаж мүшесі болған, олардың үшеуі жарақат алды. Зардап шеккен екі адам тікұшақпен эвакуацияланды, деп хабарлайды Astana TV.
BILD ақпаратынша, оқыс оқиға жексенбі күні германиялық Боркум аралынан батысқа қарай 30 шақырымдай жерде, Нидерландтың Схирмонниког аралының маңында болды. Бофорт шкаласы бойынша тоғыз балдық дауылдың салдарынан кеме жел мен ағыстың ықпалымен еркін жүзіп кеткен. Қозғалтқыштағы ақаулар жағдайды одан сайын ушықтыра түсті.
Экипажға көмекке Нидерландтың құтқарушылары мен Германияның Hamburg құтқару кемесі келіп жетті. Тікұшақпен жеткізілген дәрігерлер бортында жараланғандарға алғашқы көмек көрсетті. Сондай-ақ апат орнына шұғыл сүйреуші кемелер аттандырылды.
Ұзындығы 150 метр, ені 26 метр болатын жүк кемесі Португалия туы астында жүзеді және оның иесі – Гамбургтегі United Heavy Lift компаниясы. Кеме Германияның солтүстігіндегі Эмден портына бет алып, жел генераторларының қалақтарын тасымалдап бара жатқаны белгілі болды.