ІІМ: Тоғыз айда хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам азаматтың жүрген жері анықталды

Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Astana TV.

5 қазаннан бастап бүкіл ел аумағында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның басты мақсаты - тұрғын үй секторындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция мен халық арасындағы өзара байланысты нығайту. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері шамамен 249 мың тұрғын үй нысанын, оның ішінде 12,5 мың жалдамалы пәтерді аралап шықты. Тексеру нәтижесінде тіркеусіз тұрудың тоғыз мыңға жуық дерегінің жолы кесілді. 7 189 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрақты тұрғылықты жері жоқ 2 128 адам полиция органдарына жеткізілді. Пәтер ұрлығының, интернет-алаяқтықтың және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Полицейлер мүлікті қорғау және жеке қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ұсынымдары бар 223 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратты. Сонымен қатар бүкіл ел бойынша халықпен сегіз мыңнан астам кездесу өткізіліп, оған 160 мыңға жуық азамат қатысты. Профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі - тұрғындармен кері байланыс орнату. Арнайы QR-кодтар мен чаттар арқылы полицияға 2 693 өтініш пен ұсыныс келіп түсті. Олардың әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылданды. Сонымен бірге профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жұмыс жүргізілуде. Есепте тұрған алты мыңға жуық адам тексеріліп, 1 511 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Іс-шараның тағы бір маңызды бағыты - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Рейдтер барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз жүрген кәмелетке толмағандарға қатысты 3 883 деректі анықтады. 396 жасөспірім бейімдеу орталықтарына орналастырылды. Бұл ретте балалардың қауіпсіздігіне ата-аналар мен заңды өкілдер ғана емес, белгіленген талаптарды бұзуға жол беретін ойын-сауық орындарының иелері де жауапты. Мысалы, Алматы қаласында тәртіп сақшылары кафеде заңда белгіленген шектеулерді бұза отырып жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады. Мекеме иесіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар кафенің қызметі 10 тәулікке тоқтатылды. "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы 5 қарашаға дейін жалғасады.