Павлодар облысында отбасылық жанжалдарға қатысты 3559 қорғау нұсқамасы шығарылды

ашық дереккөз

Павлодарда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша брифинг өтті, деп хабарлайды Astana TV.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша брифинг өтті. Іс-шара барысында Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Джусупова қатысушыларды аталған бағыт бойынша 9 айда атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстар саны 19,8% төмендегені байқалады. Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері полиция органдары отбасында жанжал шығаратын тұлғаларға қатысты 3559 қорғау нұсқамасын шығарды. Оларды бұзғаны үшін 317 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 1005 ерекше талап белгіленді. Оның ішінде 995 жағдайда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салынды, – деп атап өтті спикер.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалуына ықпал ететін негізгі себептердің бірі – алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну. Талдау нәтижелері көрсеткендей, қылмыстардың 47%-ы алкогольдік ішімдіктерді ішу кезінде, қызғаныш пен әлеуметтік қанағаттанбаушылық салдарынан туындаған кенеттен болған жанжалдар барысында жасалған.

Жыл басынан бері қайталанған құқық бұзушылықтар үшін 243 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 156 адамға қатысты соттар әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады. Полиция азаматтарды қудалау белгілерін елемей қоймай, уақытылы көмекке жүгінуге шақырады. Мәселеге ерте кезеңде ден қою жанжалдың ушығуына жол бермеуге және ықтимал жәбірленушілерді қорғауға мүмкіндік береді.

– Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтар полиция органдарына "111" және "150" сенім телефондары, сондай-ақ "102" арнасы арқылы хабарласа алады. Сонымен қатар Павлодар қаласы, Солтүстік өнеркәсіптік аймағы, 258 мекенжайында орналасқан Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөліміне жеке қабылдауға келуге болады, – деп қорытындылады полиция қызметкері.