Хабар-ошарсыз кеткен 17 мың адам табылды

Полицейлер тоғыз ай ішінде хабар-ошарсыз кеткен 17 мың адамның жүрген жерін анықтады. Сонымен қатар құқық бұзды деген күдікке ілініп, іздеуде жүрген 1031 адам ұсталды. Мәселен, алаяқтық дерегі бойынша 67 жастағы ер адам Астанада қолға түскен. Ол 2018 жылы Қарағандыдағы коммерциялық ұйымның 401 млн теңгелік мүлкін қолды қылған. "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында мұндай іздестіру жұмыстары өзге мемлекеттердің құқық қорғау органдарынан жасырынған адамдарға қатысты да жүргізілуде. Сақшылар шетелден Қазақстан аумағына келіп жасырынған осындай 537 адамды құрықтаған.

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІЛІГІ:

Мысалы, полицейлер Алматы қаласында 45 жастағы шетел азаматын ұстады. Ол 1,3 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. 2023 жылы Бішкек қаласында ер адам Оңтүстік Кореядан косметикалық өнімдерді жеткізуді ұйымдастыру сылтауымен жәбірленушінің ақшасын иемденген. Полиция қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.