Соңғы жеті жылда елімізде тағы 3 жарым миллионнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көрді. Осы уақыт ішінде 772 елді мекен газға қосылды. Нәтижесінде, газдандыру деңгейі 51 пайыздан 64 пайызға дейін өсті. Инфрақұрылымды дамытуға 612 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. 821 жоба іске асып, 31 мың шақырымнан астам газ желісі салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын тауып жатыр. Қазір іске асырылып жатқан 40 жоба толық аяқталса, тағы 36 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
АЛТЫНАЙ КОРЖИКОВА, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ГАЗДАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Мемлекет басшысы елді газдандыру деңгейін 64,2 пайыздан 80 пайызға дейін жеткізуді тапсырды. Осыған орай Энергетика министрлігі арнайы Жол картасын әзірледі. Басты басымдық теріскей өңірлерге беріледі. Министрлік «Есіл – Астана» мен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралінің екінші тармағы сияқты ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Ал былтыр Жетісу облысын газбен қамтитын «Талдықорған – Үшарал» ірі жобасы пайдалануға берілді. Жалпы 80 пайыздық межеге жету үшін министрлік алдағы уақытта тағы 3 жарым миллионнан астам халықты көгілдір отынмен қамтамасыз етуі тиіс.