Республика күнін шымкенттіктер мен қала қонақтары ерекше рухпен тойлады

Республика күнін шымкенттіктер мен қала қонақтары ерекше рухпен тойлады. Жиналған қауым мегаполисте ұйымдастырылған түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, мерекелік көңіл күйге бөленді. Осы басты мерекенің шымылдығын түрген маңызды шаралардың бірі – Мемлекеттік ту көтеру рәсімі болды. Отанға деген сүйіспеншілік пен бірлікті паш еткен бұл күннің маңызы жайлы қала зиялылары мен жастар ерекше лебізін білдірді.

Мемлекеттігіміздің мызғымас тұғырын айшықтайтын көк байрақ бүгін мегаполис төрінде асқақтай желбіреді. Елдіктің еңселі белгісін көруге жиналған жүздеген қала тұрғыны мен жастар бұл сәтті үлкен патриоттық сезіммен қарсы алды. Әсем қаланың Ту тұғыры алаңында асқақтай шырқалған Әнұран мен көк аспанда қалықтаған қасиетті ту жұрттың рухын көтеріп, ерекше мерекелік көңіл сыйлады. 

БАРШАГҮЛ  ИСАБЕК, Ө. ЖӘНІБЕКОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:

Ұлы мереке, ұлық  мереке Республика күні құтты болсын! Тәуелсіздік -қастерлі құндылық. Тәуелсіздік - ата-баба аманаты, ұрпақ жауапкершілігі. Осыншама ұлан- ғайыр территорияны ата-бабаларымыз бізге ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен аманаттап қалдырған.Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз іргелі, бекем болсын.  Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. 

НҰРЗАТ ЖҰМАН, СТУДЕНТ:

Республика күні құтты болсын, барша қазақстандықтарға! Біз жастар ретінде осы еліміздің өркендеп өсуіне қарқынды түрде еңбек ете берейік. Осы еліміз әрі қарай өркендеп өсіп, тұғырымыз, тәуелсіздігіміз биік болсын!

Іс-шара аясында жастардың бойына патриоттық рух беретін әндер шырқалды. Мерекелік шара осылайша бірлік пен татулықтың жарқын көрінісіне айналды. Еліміздің басты құндылығын дәріптеген бұл күн шымкенттіктердің жүрегіне ерекше мақтаныш сезімін ұялатты.