Алкоголь өндіретін 10 жасырын цехтың жұмысын тоқтатты

new-retail.ru

Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін 68,7 мыңнан астам адам жауапқа тартылды

Ведомствоаралық комиссия отырысында мас күйінде жасалған құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары және осы санаттағы адамдарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мәселелері де қаралды, деп хабарлайды Astana TV.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жыл басынан бері мас күйде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2,5%-ға азайып, 6,9 мың фактіні құрағанын баяндады. Алкогольді ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 184 мыңнан астам факті тоқтатылды. Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін 68,7 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Соттар алкоголь тұтынуға тыйым салу туралы 17,5 мың шешім шығарды. Сонымен қатар алкоголь өнімдерін сату ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері полиция алкоголь айналымы саласында 9 мың заң бұзушылықты анықтады. 4,5 мың кәсіпкер лицензиясынан айырылып, жалпы сомасы 932,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі алкоголь өндіретін 10 жасырын цехтың жұмысын тоқтатты. Құрамында алкоголі бар 67 мың литр өнім тәркіленіп, 15 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова алкогольге тәуелді азаматтарға медициналық көмек көрсету және оларды оңалту шараларын жетілдіру жөнінде баяндады. 2026 жылдың тоғыз айында 3,6 мыңнан астам пациент оңалтудан өтті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Жыл басынан бері Қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасы аясында өңірлерде жеті Уақытша бейімдеу орталығы ашылды. Нәтижесінде орталықтар желісі кеңейіп, жалпы сыйымдылығы 700 орыннан асатын 47 орталыққа дейін жетті. Сонымен қатар елімізде медициналық ұйымдардың жанында азаматтарға салауатты өмір салты мен қауіп факторларының алдын алу мәселелері бойынша кеңес беретін 3,5 мыңнан астам денсаулық мектебі жұмыс істейді. Жастар арасында алкоголь тұтынуды азайту үшін отбасылармен жұмыс жүргізу және қауіп факторларын ерте анықтау шараларын қамтитын алдын алу жұмыстары күшейтілді. Сондай-ақ 2027-2031 жылдарға арналған психикалық денсаулықты қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Құжатта медициналық және әлеуметтік оңалтуды дамыту, тәуелділікті ерте анықтау және пациенттерді ведомствоаралық сүйемелдеу көзделген.

Қаржы министрі Мәди Такиев алкоголь нарығын реттеу, акциз саясатын жетілдіру және өнімнің заңды айналымына бақылауды күшейту жөніндегі жұмыстар туралы баяндады. Заңсыз алкоголь айналымына қарсы күрес аясында биылғы тоғыз айда 5,6 млн литр заңсыз өнім анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сегіз есе көп. Ілеспе құжаттарды ресімдеу кезінде заң бұзушылықтар мен жалған акциздік маркалар таңбаланған алкоголь өнімдерін жасырын өндіру деректері анықталды.