Жеті жылда Қазақстанда 1 342 мектеп салынды

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

2019 жылдан бері елімізде 1,1 млн оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды,деп хабарлайды Astana TV.

Мектеп инфрақұрылымын кеңейту нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 5 есе, апатты мектептер саны 2 есе, ал оқушы орындарының тапшылығы 4 есе қысқарды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту және заманауи, қауіпсіз әрі жайлы оқу жағдайларын жасау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Негізгі бағыттардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Оның аясында 460 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды, оның ішінде 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесі шешіліп, 100-ден астам мектептегі орын тапшылығы азайтылды.

Жаңа форматтағы мектептер заманауи пәндік кабинеттермен, STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, спорт залдарымен және балалардың жан-жақты дамуына арналған кеңістіктермен жабдықталған. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құруға айрықша назар аударылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры да маңызды тетіктердің бірі болды. Қор сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен қалыптастырылады және жаңа мектептер салу, қолданыстағы нысандарды реконструкциялау, сондай-ақ қосымша ғимараттар тұрғызу арқылы оқушы орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Қор қаражаты есебінен 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Оның 83-і пайдалануға берілді, қалған жетеуін биылғы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.

Білім беру инфрақұрылымын дамыту республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жалғасуда. Әрбір баланың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету басымдық болып қала береді.