Қазақстанда 1,7 млн-нан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Соңғы жеті жылда тегін ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны 3,5 есеге жуық өсті, деп хабарлайды Astana TV.

2019 жылы бұл қолдау шарасымен 495,1 мың оқушы, 2021 жылы 795,8 мың оқушы қамтылса, 2026 жылы олардың саны 1 млн 716 мыңға жетті. Осылайша, жеті жылда қамту көрсеткіші 1,2 млн-нан астам балаға артты.

Қазақстанда балаларды әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту және білім алуға қолайлы жағдай жасау бойынша дәйекті жұмыс жалғасуда. Өскелең ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат аясында мектептерде тегін ыстық тамақ ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылғы қыркүйектен бастап мемлекеттік мектептердің 1–4-сынып оқушыларын отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету маңызды қадам болды. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттарға жататын 5–11-сынып оқушыларына да тегін тамақ беріледі. Бұл шара отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейтуге, ата-аналардың қаржылық жүктемесін азайтуға және балаларға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

Оқушыларды қамту ауқымының кеңеюімен қатар мемлекеттік қаржыландыру көлемі де айтарлықтай артты. 2019 жылы мектепте тамақтандыруды ұйымдастыруға 14,9 млрд теңге, 2021 жылы 31,8 млрд теңге бөлінді. 2026 жылы осы мақсатқа 210 млрд теңге қарастырылған. 2019 жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 14 еседен астам өсті.

Мектептегі тегін тамақ балалардың тұрғылықты жері мен отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие. Мемлекеттік қолдауды кеңейту қолжетімді әрі әлеуметтік бағдарланған білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Өскелең ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Оқушыларды тегін тамақпен қамтудың дәйекті кеңеюі мен бюджеттен қаржыландырудың өсуі балаларды әлеуметтік қорғауды нығайту, олардың өмір сүру сапасын арттыру және еліміздің адами капиталын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмысты көрсетеді.