Жетісу облысында республикалық волонтерлер слеті өтті

фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жетісу облысында «ZHETISU VOLUNTEER: Бірлік. Ізгілік. Әрекет.» республикалық волонтерлер слеті өтті, деп хабарлайды Astana TV.

Іс-шара БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 70 волонтер, жастар ұйымдарының өкілдері мен сала сарапшылары қатысты.

Бағдарлама аясында волонтерлік жұмысты ұйымдастыру, әлеуметтік жобаларды іске асыру және жастарды қоғамдық өмірге тарту мәселелері бойынша сараптамалық және интерактивті сессиялар өтті. Қатысушылар өңірлердегі табысты бастамаларды таныстырып, тәжірибе алмасты.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында волонтерлер Талдықорғанда 20 көшет отырғызып, Текелі қаласында экологиялық акция өткізді. Жетісу облысында 13 волонтерлік ұйым мен 18 бастамашыл топ жұмыс істейді. Олардың қатарында 1 100-ден астам адам бар. Жыл басынан бері волонтерлердің қатысуымен экология, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салаларында 6 мыңнан астам іс-шара өтіп, оған 50 мыңға жуық адам қатысты.

Слет волонтерлік қозғалысты дамытуға, өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және қоғамға пайдалы бастамаларды қолдауға бағытталды.