Президент: Мемлекеттік басқару жүйесіне шынайы реформа қажет

фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Жолдауында мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға қатысты бірқатар міндет қойды, деп хабарлайды Astana TV. 

Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық және біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға және дамуға кедергі келтіретін барлық рәсім қысқартылуға тиіс. Президент мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу қажеттігін айтты. Олар кәсіби білікті, озық маман болып, Конституция талаптарын басшылыққа алуға және халыққа адал қызмет етуге тиіс.

Конституция заңды күшіне енген соң еліміздің саяси жүйесі толық жаңғырды. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер алдында тұрған міндеттер де күрделене түсті. Қазір билік жүйесін дамытудың жаңа стратегиясына сәйкес осы саланы түбегейлі реформалау қажеттігі туындап отыр. Бұл үдерісте тұтас мемлекеттік аппараттың және әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру маңызды міндет болуға тиіс. Ең алдымен, Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау қажет,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент Әкімшілігі 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуы керек.