Қасым-Жомарт Тоқаев салық заңнамасын қайта қарауды тапсырды

фото: egemen.kz

Мемлекет басшысы салық саясатын жетілдіру қажет екенін айтып, қолданыстағы заңнамадағы қайшылықтарды жоюды тапсырды, деп хабарлайды Astana TV. 

«Келесі басым бағыт – салық саясатын жетілдіру. Жаңа Салық кодексі бүкіл жүйені кешенді түрде қайта жаңғыртуға негіз болды. Алайда мұндай ауқымды реформа барысында кей мәселені алдын ала болжау қиын. Соның салдарынан кәсіпкерлер жекелеген нормаларға келгенде қиындыққа тап болуда. Сондықтан қарама-қайшылықтарды жойып, салық жүйесіндегі теңгерімсіздік пен кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайту қажет», - деді Президент.

Сонымен қатар салық жүйесі бизнестің дамуына, инвестиция тартуға және жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмеу керек екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Үкіметке кәсіпкерлердің пікірін ескеріп, салық заңнамасына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Оның сөзінше, жаңа талаптарды әзірлеу кезінде әрбір мәселе мұқият және жан-жақты саралану қажет.