Қазақстанда алғаш рет үш ірі республикалық балалар медицинасы орталығы салынады

фото: gov.kz

Қазақстанда 2029 жылға дейін ана мен балаға жоғары технологиялық мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін денсаулық сақтау саласының 20 жаңа нысаны салынады, деп хабарлайды Astana TV. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалар денсаулығын сақтау нысандарын ауқымды жаңғырту жоспарланып отыр.

«Елімізде халық саны қарқынды өсіп келеді. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – аса маңызды міндеттердің бірі. Ауқымды құрылыстың бірінші кезеңінде еліміздің барлық өңірінде 8 заманауи перинаталдық орталық салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында 7 көпбейінді балалар ауруханасы, ал Астанада тағы екі медициналық нысан салынады», – деп атап өтті бүгінгі Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Перинаталдық орталықтардың құрылысы Астана мен Шымкент қалаларында басталды. Жобаларды одан әрі іске асыру босандыру қызметінің мүмкіндіктерін кеңейтуге, өңірлік инфрақұрылымды нығайтуға және әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа медициналық ұйымдар балалар ауруларын, соның ішінде әртүрлі бейіндегі мамандардың қатысуын қажет ететін күрделі жағдайларды диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Қазақстанда көп жылдан бері алғаш рет балалар медицинасы бағытындағы үш ірі заманауи республикалық орталық салу жоспарланып отыр:

* Астанадағы 200 төсектік Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы;
* Астанадағы 350 төсектік Балалар хирургиясы орталығы;
* Алматыдағы 500 төсектік Республикалық көпбейінді педиатриялық клиника.

Бұл орталықтарды құру балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді дамытуға, озық тәжірибе мен мамандардың кәсіби құзыреттерін шоғырландыруға және ел ішінде күрделі мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар бұл шаралар кішкентай пациенттерді емделу үшін шетелге жіберу қажеттілігін азайтуға ықпал етеді.