Ең төменгі жалақы мөлшері 110 мың теңгеге көтеріледі

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2026

Елде ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Мемлекет басшысы Үкіметке келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап бұл көрсеткішті өсіруді тапсырды. Шешім 1 миллион 800 мың азаматтың, оның ішінде бюджет саласында еңбек етіп жүрген 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға жол ашады. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесіндегі мамандардың жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін артады. 

Айлығы шайлығына әрең жетіп, тұрмыстың тауқыметін тартып жүрген отбасылар үшін әр теңгенің қадірі бөлек. Әсіресе, баға шарықтап, күнкөріс қиындаған кезеңде табысын азық-түлік пен киім-кешектен арттыра алмай отырған азаматтар аз емес. Сондықтан ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі - табысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Өзгеріс қарапайым еңбек адамдарының тұрмысын біршама жеңілдетуге сеп болмақ.

НИКИТА ШАТАЛОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ең төменгі жалақының өсуі, ең алдымен, бюджет саласында еңбек ететін табысы төмен қызметкерлерге әсер етеді. Мәселен, мектептер мен ауруханаларда жұмыс істейтін тазалықшылар мен техникалық қызмет көрсету персоналының еңбекақысы осы көрсеткішке байланысты есептеледі. Ал жеке секторда жалақы мөлшері көбіне маманның біліктілігіне және еңбек нарығындағы сұранысқа қарай белгіленеді.

Жалақының өсуі - халық көптен күткен өзгерістің бірі. Тұрғындар қолға алынған бастаманы құптап, еңбекақының артуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді деп есептейді.

БЛИЦ:

-  Көбейтсе жақсы ғой. 110 мың тг 85-ке қарағанда әйтеуір тәуба
- Әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін, әрине, жалақы деңгейін көтеру қажет деп ойлаймын. Бұл халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, еліміздің жалпы дамуына да оң әсерін тигізеді деп сенемін.
- Әрине, жақсы жаңалық. Қазір бәрі қымбаттап жатыр ғой. Сондықтан жалақының өскені халыққа үлкен көмек болады деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету жүйесін жаңғыртуға да басымдық берілмек. Жалпы практика дәрігерлері мен учаскелік мамандардың өкілеттігі кеңейтіліп, саланы қаржыландыру көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Ал келер жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өспек. 

ҚАРЛЫҒАШ МАМАДАЛИЕВА, ПЕДИАТР:

Президентіміздің алғашқы медициналық көмек көрсету саласын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отырғанын зор ризашылықпен қабылдадық. Еңбегіміздің жылдар бойы жинақталған өтіліне қарай бағаланып, жалақымыздың 40 пайызға дейін өсетіні бізге үлкен серпін береді. Мұны медицина саласына жасалған маңызды инвестиция деп білеміз. Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз.

Еңбектің өтеуі - лайықты табыс. Жалақының өсуі бір отбасының дастарқанына қосылған береке болса, енді біріне көптен кейінге қалдырған қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді. Өйткені әрбір еңбек адамы маңдай терімен тапқан табысы болашаққа сеніммен қарауға жеткілікті болғанын қалайды.