Екі мәрте егіз босанған шымкенттік келіншек үшемді дүниеге әкелді

Фото: Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Шымкентте бұған дейін екі рет егіз босанған әйел үшемді дүниеге әкеліп, 10 баланың анасы атанды, деп хабарлайды Astana TV. 

Сәбилердің екеуі — қыз, біреуі — ұл. Туған кездегі салмақтары 1740, 1482 және 1730 грамм болған. Ата-анасы оларға Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімдерін берген.

Шала туған нәрестелер алғашқы күндері жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімінде ем қабылдады. Кейін арнайы күтім бөліміне ауыстырылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Мамандардың уақытылы көрсеткен медициналық көмегінің нәтижесінде сәбилердің жағдайы жақсарып, салмақтары біртіндеп артқан.

Қазіргі уақытта үшемнің жағдайы қанағаттанарлық. Салмақтары екі келіден асқан нәрестелер медициналық көрсеткіштерге сәйкес үйіне шығарылуға дайындалып жатыр.