Қазақстан мен Түркия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

Президенттердің келіссөзі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен одан әрі жалғасты.


Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің Республика күні қарсаңындағы жүздесу терең символдық мәнге ие екеніне назар аударып, Түркия Президенті мен барша түрік халқын ұлық мерекемен құттықтады.

– Сіздің парасатты басшылығыңыздың әрі көреген саясатыңыздың арқасында Түркия ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатыр. Еліңіз саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғырып, қарқынды дамып келеді. Түркияның абырой-беделі жылдан жылға арта түсуде. Біз Өзіңізді әлемдегі аса ықпалды көшбасшылардың бірі ретінде білеміз. Сіздің ашық әрі батыл ұстанымыңыз, бейбітшілік пен әділдік жолындағы күш-жігеріңіз жаһандық деңгейде мойындалып отыр. Түрік халқының мәртебесі алдағы уақытта да асқақтай береді деп сенемін. Қазақ елі Түркияны әрқашан қолдайды және ағайын жұрттың әрбір жетістігіне шын жүректен қуанады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өзара байланыстарды одан әрі нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

– Қазақ-түрік ықпалдастығы тереңнен тамыр тартады. Тарихымыз – ортақ, тіліміз бен діліміз – бір, дәстүріміз – ұқсас. Екі елдің саяси ынтымақтастығы өзара сенімге және мызғымас достыққа негізделген. Мемлекеттеріміздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Біз екіжақты және халықаралық деңгейде бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп жүрміз. Сауда-экономика саласындағы қарым-қатынасымыз да күшейіп келеді. Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Бұған қоса, Анадолыдағы ағайын ұлттық экономикамызға көлемді қаржы салған басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Қазақстанда бірқатар түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Біз түрік бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіп жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Режеп Тайип Ердоғанның биыл мамыр айында Қазақстанға мемлекеттік сапары жемісті болып, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді.


Сапар аясында екі ел арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы ұйымдастырылды. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда ауқымды жобалар табысты жүзеге асырылуда.

Ең бастысы, қарым-қатынас мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.

– Серіктестігімізді одан әрі дамыту бәріміздің мүддемізге сай келеді. Ертең Өзіңізбен бірге Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысамыз. Жақын арада Анталияда СОР31 климаттық форумы өтеді. Мен осы беделді басқосуға қатысуды жоспарлап отырмын. Мұның бәрі екіжақты және көпжақты байланысымызды дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.