Ауыр соққылардан бауыры бөлініп кеткен: Щучьедегі әйел адамның өліміне қатысты сот үкімі шықты

Фото: istockphoto.com

Щучье қаласында болған қанды оқиғаға қатысты сот нүкте қойды. Сүйіктісін аяусыз ұрып өлтірген ер адам бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды  Astana TV. 

Ақмола облысы соттарының мәліметінше, Щучье қаласының тұрғыны сүйіктісін аяусыз соққыға жыққан. Салдарынан әйел адам алған жарақаттарынан көз жұмған.

Сотта олардың 2024 жылдан бері бір жерде жұмыс істеп, әріптес болып жүргені, артынша көңіл жарастырып, қыз бен жігіт болып жүргені айтылды. Белгілі болғандай, олар бір-бірін қайта-қайта қызғанып, артынша айырылысып, кейіннен қайта татуласып жүрген.

2026 жылдың маусым айында бұл жұп араларындағы кезекті дауды реттеу үшін ер адамның үйінде кездеседі. Жанжал барысында ер адам қызғаныштан сүйіктісін аяусыз соққыға жығып, бетінен, денесінен бірнеше мәрте ұрған. Сол соққылардан әйел адам есінен танып құлап қалады. Ер адам дереу жедел жәрдем шақырып, артынша бірге ауруханаға алып кетеді. Өкінішке қарай, әйел адам есін жимастан ауруханада көз жұмды.

Сараптама нәтижесіне сүйенсек, өліміне бауыры бөлініп, ішіне қан кетуі себеп болған. Ал соққылардың салдарынан ішінен, кеудесінен ауыр жарақат алғаны, қабырғалары сынғаны, бауыры бөлініп, қан кеткені анықталды.

Ер адамның кінәсі өзінің сөздері, куәгерлердің пікірі, оқиға орнын зерттеу нәтижесі арқылы дәлелденді.

Сот үкімі бойынша ол осы қылмысы үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол сияқты марқұмның туыстарына 12 млн теңге көлемінде өтемақы және сот шығындары үшін 2 млн теңге өтемақы өндірілді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.