Мектептегі бір реттік тамақтану 853 теңгеге дейін қымбаттады

Фото: baq.kz

2026 жылы оқушыларды тегін тамақтандыруға жергілікті бюджеттен шамамен 210 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Astana TV. 

Тегін тамақпен қанша оқушы қамтылған?

Қазақстанда 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерде тегін тамақтандырумен қамту ауқымы кеңейтілді. Қазіргі уақытта 1-4-сыныптарда оқитын 1,4 миллионнан астам бала және әлеуметтік осал санаттарға жататын 5-11-сыныптардың шамамен 230 мың оқушысы тегін тамақтанады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл шара балалардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге, денсаулығын сақтауға және білім алуда тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған.

Мектептегі тегін тамақтандыру жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. 2026 жылы осы мақсатқа шамамен 210 млрд теңге қарастырылған.

Бюджет кодексіне сәйкес, мектептегі тамақтандыруға жұмсалатын қаражатты жоспарлауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Шығыстардың лимиттері бюджет заңнамасында белгіленген талаптар мен жергілікті бюджеттердің болжамды көрсеткіштерін ескере отырып, үш жылдық жоспарлы кезеңге белгіленеді.

Бір баланың тамағына күніне қанша теңге бөлінеді?

Мектептегі тамақтану құны баланың жасына, өңірдің ерекшелігіне, азық-түлік бағасына және бекітілген ас мәзіріне қарай белгіленеді.

Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, бір оқушының бір күндік тамақтануына жұмсалатын орташа шығын 775 теңге. Алайда нақты сома баланың жас санатына және өңірге байланысты өзгереді.

Министрлік ұсынған мәлімет бойынша, қазіргі тамақтану құны мынадай:

  • 6-10 жастағы балаларға – 724 теңге. Жыл басында бұл көрсеткіш 708 теңге болған;
  • 11-14 жастағы балаларға – 798 теңге. Жыл басында 782 теңге болған;
  • 15-18 жастағы оқушыларға – 853 теңге. Жыл басында 839 теңге болған.

Осылайша, жыл басымен салыстырғанда тамақтану құны барлық үш жас санатында өскен. Ең жоғары көрсеткіш 15-18 жастағы оқушыларға тиесілі.

Мектеп мәзірі қалай жасалады?

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, мектептегі тамақтану балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес физиологиялық қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылады. Ас мәзірі азық-түлік өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген нормаларына, білім беру ұйымдарындағы тамақтану талаптарына және Тамақтану стандартына сай әзірленеді.

Перспективалық мәзірді қалыптастыру кезінде бірнеше фактор ескеріледі. Олардың қатарында балалардың жасына байланысты қажеттіліктері, өнімдерді тұтынудың белгіленген нормалары, ұлттық тағам дәстүрлері және отандық өнімдердің түрлері бар.

Министрлік мәліметінше, мәзір бекітілген физиологиялық және азық-түлікті тұтыну нормалары негізінде жасалып, денсаулық сақтау органдарымен келісіледі.

Балалар тамақты жеп жүр ме? Сапасы қалай бақыланады?

Мектептегі тамақтандыруға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы тек тағамның дайындалуымен шектелмейді. Оның сапасы мен қауіпсіздігін, белгіленген рецептураның сақталуын және балалардың тағамды нақты тұтынуын бағалау да бақылауға алынған.

Осы мақсатта мектептерде күнделікті өндірістік бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар дайын тағамның сапасы мен қауіпсіздігін, азық-түліктің тиісті мөлшерде салынуын, тағамның шығымын және температурасын тексеретін бракераж комиссиясы жұмыс істейді.

Министрліктің жауабына сәйкес, комиссия айына кемінде бір рет балалардың тәрелкелерінде қалған тамақ көлеміне талдау жасайды. Бұл көрсеткіш «желінбей қалған тағам индексі» деп аталады. Оның көмегімен оқушылардың қай тағамдарды аз тұтынатынын анықтап, ас мәзіріне өзгеріс енгізу қажеттілігі бағаланады.

Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында ішкі бақылау жүргізіледі. Медициналық қызметкерлер өз құзыреті шегінде бақылауға қатысады. Бракераж комиссияларының жұмысына мониторинг жасалып, зертханалық зерттеулер өткізіледі. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.

Тамақты кім алғаны да тіркеледі

Мектептегі тамақтандыруды бақылаудың тағы бір тетігі – ақпараттық жүйелерді пайдалану. Министрліктің мәліметінше, «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы нақты оқушының тамақ алғаны тіркеледі.

Ведомствоның түсіндіруінше, қолданыстағы тетіктер тамақтың қауіпсіздігі мен сапасын, белгіленген талаптардың орындалуын және оның оқушыға нақты ұсынылуын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл бюджет қаражатының мақсатты әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Демек, мектептегі тегін тамақтандыру жүйесінде қаражатты жоспарлау, ас мәзірін бекіту, тағам сапасын тексеру және оқушының тамақ алғанын тіркеу тетіктері қарастырылған. Ал бөлінген қаржының тиімділігін бағалауда балалардың дайын тағамды қаншалықты тұтынатыны да ескеріледі.