Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары аясында Режеп Тайип Ердоғанмен кеңейтілген құрамда келіссөз өтті, деп хабарлайды Astana TV.
Кездесуде екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас мәңгілік достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікке негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркия – Қазақстанның ірі бес сауда серіктесінің бірі, сондай-ақ ел экономикасына инвестиция салатын жетекші он мемлекеттің қатарында.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған екіжақты тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниетті екенін мәлімдеді. Ол биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапары барысында қол қойылған Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияның маңызын атап өтті.
Келіссөз барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нақты жобалар арқылы одан әрі дамытуға уағдаласты.