Құрылтай Спикері Айбек Дәдебай Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен Парламентаралық қатынастарды нығайту жолдарын талқылады. Кездесу Душанбедегі Орталық Азия Мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумы аясында өтті, деп хабарлайды Astana TV.
Қазақстандық делегация басшысы өзбекстандық әріптестеріне жаңа Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған Қазақстандағы ауқымды саяси өзгерістер туралы айтып берді. Президенттік реформалар халықтың өмір сапасының өсуіне тікелей әсер етуде. Мәселен, тек соңғы 7 жылда экономиканың өсуі шамамен 30%-ды құрады, ал орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жылға жақындады.
Сондай-ақ, Өзбекстан тарапына Президенттің Қазақстан халқына жаңа Жолдауының негізгі басымдықтары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Ауқымды құрылысты жүзеге асыру көзделген Жолдау елдің барлық маңызды салаларын қамтиды. Мемлекет басшысының жаңа бастамалары барлық қазақстандықтар үшін тың мүмкіндіктер туғызады. Ең алдымен, көптеген жаңа жұмыс орындары бар жаңа өндірістер ашылады.
Құрылтай Спикері бүгінгі таңда екі елдің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің күш-жігерінің арқасында қазақ-өзбек қатынастары үлгілі мемлекетаралық диалогтың көрінісі саналатынын атап өтті.
Бұл ретте ол екі ел парламентшілерінің міндеті жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға жан-жақты ықпал ету екенін айтты.
Қазақстандық тарап парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің жұмысын жаңартылған құрамда жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ, достық топтары мен салалық комитеттер желісі бойынша заңнамалық жұмыс тәжірибесін одан әрі алмасу перспективалары талқыланды.
Танзила Нарбаева өзбекстандық депутаттардың алдағы ынтымақтастық векторларын айқындау бойынша Қазақстан Президентінің Жолдауына үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Ол қазақстандық депутаттарға өңір үшін өзекті мәселелерді шешу жөніндегі бірлескен жұмысы үшін алғысын білдіріп, жас парламентшілер желісі бойынша өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.
Тараптар сондай-ақ парламентаралық байланыстарды нығайтуға және екіжақты диалогты дамытуға ықпал ететін парламенттік делегациялардың өзара сапарларының, салалық комитеттер мен екі елдің ынтымақтастығы жөніндегі парламентаралық комиссиялар арасындағы жұмыс байланыстарының маңыздылығына назар аударды.