Су үнемдеу шаралары күшейтілмек

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2026

Су тұтынуды бақылау күшейтіліп, желілердегі шығынды азайтуға басымдық берілмек. {КСМ} Ауызсуды мақсатсыз пайдалануға, соның ішінде автокөлік жуу орындарында ысырап етуге жол бермеу көзделіп отыр. Үкіметке тарифтік реформаны соңына дейін жеткізу міндеті қойылды. Сондай ақ ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізіліп, суармалы егіншілікке басымдық берілмек. Бұл өнімділікті 2-2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Су тапшылығы мәселесін шешу үшін жүйелі шаралар қабылданып, қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға назар аударылмақ.

ЖҰЛДЫЗ КӘРІМ, ҚОЛДАНБАЛЫ ЭТНОСАЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Су тек қана Қазақстанның мәселесі емес. Бұл ұзақ мерзімді экологиялық дағдарысқа алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, көршілес, Орта Азиядағы мемлекеттерге әсер ететін үлкен бір мәселе. Қазақта судың да сұрауы бар деп бекер айтылмаған. Ауыз суды үнемдеп қолдануда назар аудару керек.


Жыл басынан бері су пайдалану саласында 758 заңбұзушылық анықталды. Бұл былтырғыдан екі есе көп. Ауызсуды мақсатсыз пайдалануды шектеу үшін Су кодексіне түзетулер әзірленді. Енді суды белгіленген нормадан артық әрі келісімсіз пайдаланғаны үшін тарифке жоғарылатушы коэффициенттер енгізіледі.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:

Су шаруашылығы инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2023 жылғы қыркүйектен бері су саласының негізгі капиталына шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылды. Қазіргі уақытта 4,6 мың шақырымнан астам ирригациялық желі жаңғыртылуда. Биыл оның 964 шақырымын аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде 200 мың гектарға жуық суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.