Екі пойыз соқтығысып, 68 адам қаза болды

Фото: BILD

Испанияда 68 адамның өмірін қиған пойыз апаты диспетчердің қателігінен болуы мүмкін

Испанияда кемінде 68 адамның өліміне әкеп соққан екі жоғары жылдамдықты пойыздың соқтығысуына диспетчерлік қызметтің қатесі себеп болуы ықтимал. Апат Мадрид — Андалусия желісіндегі Толедо провинциясында орын алды, деп хабарлайды Astana TV BILD агенттігіне сілтеме жасап. 

Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнтенің айтуынша, алдымен компьютерлік ақаудың салдарынан қауіпсіздік жүйесі істен шығып, содан кейін пойыздардың қозғалысы тоқтатылған. Алайда Мадридтегі диспетчерлік орталық алдағы жолда басқа пойыздың тұрғанына қарамастан, құрамдардың біріне сапарын жалғастыруға рұқсат берген.

Жарияланған радиобайланыс жазбаларынан көрініп тұрғандай, диспетчер Renfe пойызының машинисіне қалыпты жылдамдықпен жүруді бұйырған. Машинист шектеусіз жүруге болатынын нақтылап сұрап, растау алған. Бұл ретте қолданыстағы ережелер 40 км/сағ аспайтын жылдамдықпен қозғалуды талап еткен.

Iryo компаниясына тиесілі екінші пойыздың машинисі де диспетчерлерге қызыл сигналдың кесірінен жолын жалғастыра алмайтынын хабарлаған. Соған қарамастан, Renfe құрамы қайта қозғалып, тұрған пойызға соғылған. Көлік министрі диспетчерлік орталықтың бұл шешімін «түсініксіз» деп атады.

Соқтығысу салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып, үйіндіден құлап кетті, олардың бірі өртенді. Екі пойыздың ішінде 500-ден астам адам болған. Құтқарушылар түнде де қирандыларды аршып жатты, билік қаза тапқандар саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.