Қалада 17 пәтерде жұмыс істеген заңсыз интимдік қызмет көрсету желісінің артында полиция қызметкерлері тұрған. Қылмыстық топтың құрамына кәмелетке толмаған қыздар да тартылған
Шымкентте полиция қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған заңсыз интимдік қызмет көрсету бизнесіне қатысты қылмыстық істің мән-жайы белгілі болды. Тергеу материалдарына сәйкес, құқық қорғау органдарының жекелеген қызметкерлері жезөкшелікпен айналысатын желінің жұмысын қорғап, рейдтер туралы алдын ала ақпарат беріп, заңсыз кәсіптен пайда көрген. Бұл туралы Astana TV Azattyq Rýhy басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиғаның негізгі қатысушыларының бірі – 37 жастағы Асылжан Ирсимбетов. Ол 2023 жылдың мамырында Қаратау аудандық полиция басқармасына тергеуші болып орналасқан. Араға бір ай салып, бұрыннан таныс Әйгерім Кенесоваға бірлесіп бизнес жүргізуді ұсынған.
Кенесова тергеушіге сенген. Бұған дейін Ирсимбетов оның бірнеше қылмыстық іс бойынша жауапкершіліктен жалтаруына көмектескені анықталған. Атап айтқанда, 2021 жылы әйел қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін оған 750 мың теңге берген.
Басқа бір жағдайда Кенесоваға қатысты алаяқтық дерегі бойынша іс қозғалған. Оннан астам адамның арызы негізінде теркелген іске Ирсимбетов тікелей қызметтік міндетіне кірмесе де араласқан. Әйелді уақытша ұстау изоляторынан босату үшін 1 миллион теңге төленген, кейін шартты жаза тағайындатуға көмектесу үшін тағы 2 миллион теңге талап етілген. Жалпы, Ирсимбетовтің ықпалымен Кенесоваға қатысты жеті қылмыстық іс тоқтатылғаны белгілі болды.
Кейін екеуі заңсыз интимдік қызмет көрсету бизнесін ұйымдастырған. Кенесова пәтерлерді жалға алып, қыздарды жұмысқа тарту және клиенттермен байланыс орнату мәселелеріне жауап берген. Ал Ирсимбетов полиция тарапынан кедергі болмауын қамтамасыз етіп, құқық қорғау органдарының әрекеті туралы алдын ала ақпарат жеткізіп отырған.
Заңсыз кәсіпке алғашқылардың бірі болып 16 жастағы қыз тартылған. Оны Кенесоваға Ирсимбетовтің өзі таныстырған. Кейін басқа да қыздар түрлі жолмен жұмысқа шақырылып, кейбірі интимдік қызмет көрсетуге мәжбүр болған.
Шымкенттің әр ауданынан пәтерлер жалға алынып, олардың саны бір мезгілде 17-ге жеткен. Кенесова пәтерлерге жасырын бейнекамералар орнатып, клиенттер туралы компромат жинаған. Ал Ирсимбетов ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жүргізетін рейдтер туралы алдын ала біліп, бұл ақпаратты сыбайласына жеткізіп отырған.
Сот материалдарында заңсыз кәсіптен түсетін табыстың көлемі де көрсетілген. Бастапқы мәтіндегі мәлімет бойынша, әр пәтерден тәулігіне 1,5-2 миллион теңгеге дейін ақша түскен. Ирсимбетов пен Кенесова кірісті бөлісіп отырған. Тергеушінің күнделікті табысы 150 мыңнан 700 мың теңгеге дейін жеткен.
Ирсимбетов заңсыз жолмен тапқан ақшасына үйін күрделі жөндеуден өткізіп, әйеліне кондитерлік цех ашып берген. Сондай-ақ оның өзі де интимдік қызмет көрсетілетін пәтерлерге барып жүргені анықталған.
Заңсыз бизнестің жұмысына басқа да полиция қызметкерлері араласқан. Атап айтқанда, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының аға учаскелік инспекторы, полиция подполковнигі Рашид Қалдарбеков кәсіптің кедергісіз жұмыс істеуіне көмектескен. Ол бұл қызметі үшін Ирсимбетовтен ақша алып отырған. Сонымен қатар өзі де пәтерлерге барып, қыздармен уақыт өткізген.
2024 жылдың басында Полиция департаментінің бір басқармасында қызмет еткен жедел уәкілдер де заңсыз қызмет туралы білгенімен, оны тоқтатуға әрекет жасамаған. Керісінше, олар апта сайын бизнестен 600 мың теңгеден алып отырғаны анықталған. Бұдан бөлек, өзін Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкері ретінде таныстырған адам да кәсіптің жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін ақша талап еткен. Кенесова оған үш рет жалпы сомасы 2 миллион 400 мың теңге берген.
Көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтерлердегі күмәнді әрекеттерге бірнеше рет шағымданған. Олар учаскелік инспекторларды шақырып, полицияға өтініш білдіргенімен, нәтиже болмаған. Заңсыз бизнестің жолын кесуге тұрғындардың шағымдары емес, кәмелетке толмаған қыздың арызы себеп болған.
Жасөспірім арызында өзін интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлегенін және бас тартқан жағдайда ата-анасына бұл туралы хабарлаймыз деп қорқытқанын көрсеткен. Ол арызды 2025 жылдың қаңтарында сол кезде Рашид Қалдарбеков қызмет еткен Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына тапсырған. Бұл жолы іс бойынша тергеу жүргізіліп, Кенесова мен оның сыбайластарына қатысты сот процесі басталған.
2025 жылдың қазанында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Әйгерім Кенесованы алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен притон ұйымдастырып, оны ұстағаны және кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін кінәлі деп таныды. Сот оған 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Одан кейін Асылжан Ирсимбетов пен Рашид Қалдарбеков те сот алдында жауап берді. Екеуі де тағылған айыптарды мойындамай, заңсыз интимдік қызмет көрсету бизнесіне қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Қорғаушылары тергеу барысында заң бұзушылықтарға жол берілгенін алға тартқан.
Істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады. Сотта заңсыз кәсіптің жұмысын қорғау және қылмыстық істі жеңіл бапқа ауыстыруға көмектесемін деп уәде беріп, пара алу деректері қаралған.
Судья Айнель Орақбаева сотталушылардың кінәсі іс материалдарымен, куәгерлердің айғақтарымен және басқа да дәлелдермен расталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, олар қылмыспен күресудің орнына, қызметтік өкілеттіктерін жеке пайдасына пайдаланған.
Сот үкімімен Асылжан Ирсимбетов едәуір мөлшерде пара алғаны және пайда табу мақсатында лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Рашид Қалдарбеков құқық қорғау органы қызметкері бола тұра, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл 6 айға сотталды.
Екі бұрынғы полиция қызметкері де арнайы атақтарынан айырылып, мемлекеттік органдарда өмір бойы қызмет ету құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген.
Осы оқиғадан кейін Шымкент қалалық Полиция департаменті қызметкерлердің тәртібі мен заңдылықты сақтауын бақылау шаралары туралы түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қайталануына жол бермеу үшін жеке құрам арасында профилактикалық жиналыстар өткізіліп, қызметтік тәртіп пен заң талаптарын сақтау мәселелері түсіндіріледі.