Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр

Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр. Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек. Мемлекет басшысы Жолдауда осындай тапсырма берді. {КТМ: }Президент шикізатты сыртқа тасымалдаудан арылып, толық циклды өндірісті жолға қою маңызды екенін атап өтіп, бұл бағытта Түркістан облысында қолға алынып жатқан оңды бастамаларды мысалға келтірді. Бүгінде өңірде мақта шаруашылығын түбегейлі жаңғырту және оны терең өңдеу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Атап айтқанда, Отырар ауданында қытайлық инвесторлардың қатысуымен суды үнемдейтін заманауи мақта-тоқыма кластері құрылып жатыр. Қазірдің өзінде «Kazakhstan Lihua» мақта өңдеу кешеніне қарасты төрт бірдей зауыт толық өндірістік циклде жұмыс істеп тұр. Олар шикізатты қабылдаудан бастап, жіп иіру және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі процесті қамтиды. Заманауи технологиямен жабдықталған кәсіпорындар жылына 320 мың тонна мақта шикізатын өңдеп, 110 мың тонна мақта талшығын алуға қауқарлы. 

СЮЙ ЦЗЕ ДЖЕ, ЖОБА ИНВЕСТОРЫ:

Қазір кәсіпорында 47 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жабдықтары және 4 млн көрпе шығарылуда. Биыл мақта алқаптарында өндірілген ақ алтынның 80 пайызы экспортқа шығарылады. Оның ішінде Түркия, Қытай, Өзбекстан және Еуропа елдеріне жөнелтіледі. Қалғаны осы зауытта терең өңделеді.

 Өндіріс орнында мақтаны қабылдау мен тазалау, кептіру және талшықты тұқымынан ажырату процестері толығымен автоматтандырылған. Бұл бастамалар жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін арттыруға зор үлес қосып отыр. Өңірде бұл жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын индустрияландыру аясында ауқымды жоспарлар жүзеге асырылмақ. Мамандардың айтуынша, 2030 жылға дейін құны 212,6 млрд теңгені құрайтын 5 кластерлік жоба іске асырылып, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделуде. 

ӘЛІБЕК ПІЛАЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қытай технологиясы мен жаңа технология арқылы зауыттар модернизациядан өтіп, жаңадан зауыттар салынып жатыр. Мақтаарал, Жетісай аудандарында екі бірдей зауыт, біреуі жаңадан салынса, екіншісі модернизациядан өткізіліп отыр. Яғни қазіргі таңда осы 29 зауыттың 40 пайызға жуығы жаңа әдіспен, яғни модернизациядан өткен жаңа зауыттардың бірі деп айтуға болады.