"Көкшетау-Петропавл" тас жолының құрылысы 2027 жылы басталмақ

"Петропавл-Көкшетау" тас жолы арқылы күн сайын 6 мыңға жуық көлік қатынайды. Халықаралық маңызы бар жол бүгінде не бары екі-ақ жолақтан тұрады. Ел Президенті өз жолдауында тар жолды кеңейтуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы аймақтың логистика саласына қалай әсер етеді? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтап көрді. 

Петропавл-Көкшетау тас жолының жалпы ұзындығы 175 шақырым. Аталған трасса тек ішкі қатынасты қамтып қана қоймай, Беларусь, Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы транзиттік жол болып саналады. Күніне алты мыңға жуық жүйткитін темір тұлпардың алпыс пайызы - жүк көліктер. Сондықтан күрежолдың аясын кеңейту іздегенге сұраған, дейді жергілікті кәсіпкерлер. 

ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, КӘСІПКЕР:

Петропавл еліміздің солтүстік қақпасы болғандықтан, көрші елдермен тауар айналымы біз арқылы өтеді. Кеңейтілген жол кәсіпкерлерге тауарды тезірек жеткізуге мүмкіндік береді. Демек, бұл бастама экономикамыздың дамуына әжептәуір үлес қосады.

Жаңа жол асфальт бетон жабындысымен қапталады деп жоспарлануда. Сала мамандарының айтуынша, бір шақырымның құны бір жарым миллиард теңгеге жуықтайды. Ал жалпы жоба құны шамамен 300 миллиард теңгеден асады. 

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Көкшетау-Петропавл тас жолы еліміздегі 8 транзиттік дәліздің біреуі болып саналады. Біз аталған жолды зерттеп, көпір, су өткізу құбырлары және басқа да инженерлік нысандарды орнату орындарын белгілеп шықтық. Енді жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірістік. 

Алпауыт құрылыс жұмыстары келесі жылы басталмақ. Жауапты тұлғалардың мәлімдеуінше, жоба 2030 жылға қарай аяқталуы тиіс.