Инфрақұрылымның цифрлық моделі, жаңа Азаматтық кодекс және жастарды жұмыспен қамту: «Әділет» партиясы Президент Жолдауын жүзеге асыруға кірісті

Фото: Әділет партиясы

Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау нәтижесінде 3 мыңнан астам іс-шара өткізу, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысын бақылау жұмысын күшейту, азаматтардың құқығын қорғау және бизнеске қолдау көрсету жөніндегі заңнамалық бастамаларды әзірлеу. Осы және өзге де міндеттер Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен партия активінің кеңейтілген отырысында айқындалды

Іс-шараға Құрылтай депутаттары, «Әділет» фракциясының мүшелері, Орталық аппараттың, өңірлік филиалдардың және бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Astana TV.

Отырысты ашқан партия төрағасы бұл – Мемлекет басшысының жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы Жолдауы екенін атап өтті. Осы құжат еліміздегі алдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің негізгі бағыттарын айқындайды.

«Әділет» партиясы – Мемлекет басшысының стратегиялық бағытының саяси тірегі. Біз – еліміздегі реформалардың басты қозғаушы күшіміз. Мемлекет басшысы алдымызда тұрған негізгі мақсат-міндеттерді айқындап берді. «Әділет» партиясы осы оң өзгерістердің іске асуына тікелей ұйытқы болуға тиіс. Мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдердің жергілікті жерлерде жүйелі орындалуын қамтамасыз ету және тұтас қоғамның реформаларға белсенді қатысуына жағдай жасау маңызды», – деді Айбек Дәдебай.

Отырыс барысында Құрылтай депутаттары Президент бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. «Әділет» фракциясының жетекшісі Ербол Адаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында инфрақұрылымның цифрлық моделін енгізу мәселесі пысықталып жатқанын хабарлады. Бұл модель жер учаскелерін бөлу және бас жоспарларды келісу рәсімдерін автоматтандыруға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар фракция көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп-ұстаудың ашық стандарттарын енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Өңірлерді дамыту және ірі қалаларға түсетін көші-қон жүктемесін азайту мақсатында тірек ауылдар мен моноқалалардың экономикасын қолдауға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірлеу жоспарланып отыр. Өзге де жұмыс бағыттары қатарында көлік инфрақұрылымын дамыту, энергетиканы жаңғырту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау қадамдары бар.

«Президент Жолдауы – еліміздің болашағын айқындайтын стратегиялық бағдар. Қоғам әрбір отбасының тұрмысын жақсартатын нақты нәтижелер күтеді», – деді Ербол Адаев.

ҚР Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева инклюзивті орта құру және медициналық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. ҚР Құрылтайының Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы Әмірбек Оспанбеков көлік және коммуналдық кешенді дамыту жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Экономикалық тұрақтылық, бизнеске қолдау көрсету және инвестиция тарту мәселелерін бейінді комитет төрағасы Наталья Годунова баяндады. Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев жасанды интеллектіні енгізу және жаңа технологияларды дамыту мәселелеріне тоқталды.

Құрылтайдағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ Қазақстанның жаңа Азаматтық кодексін әзірлеу жұмысы басталатыны туралы айтты. Оның айтуынша, қолданыстағы құжат еліміздің нарықтық экономикасының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Алайда соңғы отыз жылда экономикалық қатынастар мен технологиялар айтарлықтай өзгерді. Сондықтан заңнаманы кешенді түрде жаңарту қажет. Бұл ретте азаматтық заңнаманы бизнес жүргізудің қазіргі заманғы талаптарын, цифрлық экономиканың дамуын және мүліктік қатынастардың жаңа нысандарын ескере отырып, жүйелі түрде қайта қарау көзделіп отыр.

«Жаңартудың негізгі мақсаты – азаматтар мен бизнестің құқығын сенімді қорғау, экономиканы дамыту үшін берік құқықтық негіз қалыптастыру», – деді Үнзила Шапақ.

Партияның жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылына дайындық аясында жастар еңбек жасағының қызметін кеңейтуді ұсынды.

«Бастама студенттер мен түлектерді құрылысқа, инфрақұрылымдық жобаларға тартуды көздейді. Бұл олардың практикалық тәжірибе жинақтауына, кәсіби дағдыларды меңгеруіне және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға жол ашады. Осы мақсатта жастар қанаты жас мамандардың уақытша және тұрақты жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу үшін мемлекеттік органдармен және серіктес ұйымдармен өзара іс-қимылды жолға қоюды жоспарлап отыр», – деді Ержан Хамитов.

Сонымен қатар «Жастар Рухы» жастар қанаты жастарды жасанды интеллектіні тәжірибе жүзінде қолдануға, деректерді талдауға және цифрлық қауіпсіздік негіздеріне үйретуге бағытталған «JASAMPAZ AI» жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.

Жергілікті жерлердегі жағдай туралы өңірлік филиалдардың өкілдері баяндады. Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жолдар мен әлеуметтік нысандар құрылысына қоғамдық бақылау жүргізу жұмысының маңызын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын енгізу қажет екенін атап өтті.

«Жұмысымыздың басты көрсеткіші – халыққа тигізген пайдамыз», – деді ол.

Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Қазыбек Әлішев пен Солтүстік Қазақстан облысындағы бастауыш партия ұйымының жетекшісі Гүлжан Жақанова тұрғындармен жұмыс жүргізу және Президент бастамаларын түсіндіру барысы туралы баяндады.

Отырысты қорытындылаған Айбек Дәдебай Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша партияның негізгі міндеттерін айқындады.

Алдағы бір айда партия Президент бастамаларын тұрғындар арасында талқылауға арналған 3 мыңнан астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жұмысқа Құрылтай депутаттары, саяси кеңестердің мүшелері, өңірлік филиалдардың, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, партияның жастар және әйелдер қанаттары тартылады.

Партия төрағасының айтуынша, алдағы өзгерістерді түсіндірумен ғана шектелмей, азаматтармен ашық диалог орнату, олардың ұсыныстары мен сауалдарын ескеру маңызды. Талқылаулар шалғайдағы ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, еліміздің барлық өңірін қамтуға тиіс.

Айбек Дәдебай Жолдау мен партия сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуына жүйелі бақылау жүргізу мақсатында барлық өңірлік филиалда салалық жобалық кеңселер құруды тапсырды. Осы кеңселер депутаттар, мемлекеттік органдар, кәсіби қауымдастықтар мен тұрғындар арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етеді. Әрбір бағыт бойынша Құрылтай депутаты бекітіледі.

Заң шығару қызметі бойынша фракция алдына да бірқатар міндет қойылды. Депутаттар сарапшылар қауымдастығымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеуі, салық заңнамасын жетілдіруі және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін пысықтауға тиіс.

Партия төрағасы алдағы Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылына және «Халықтық құрылыс» бастамасын іске асыруға ерекше назар аударды.

«Бұл бағытта біздің нақты тәжірибеміз бен ұсыныстарымыз бар. «Біздің қала» партиялық жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін урбанистика саласында «Қала келбеті» бастамасын қолға алу идеясы да айтылған болатын. Ендігі міндетіміз – осы жұмыстарды «Халықтық құрылыс» бастамасымен ұштастыру. Ең бастысы, құрылыс жұмыстары халықтың нақты қажеттілігіне сәйкес жүргізілуге тиіс. Сондықтан тұрғындардың ұсыныстарын жинап, жобаларды жоспарлау және іске асыру барысында оларды ескеру маңызды», – деді Айбек Дәдебай.

Осыған байланысты, партия төрағасы Партиялық бақылау комитеті мен оның өңірлік комиссияларының жұмысын күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, құрылыс нысандарында партиялық бақылау бекеттерін ашу жоспарланып отыр. Олар құрылыс жұмысының барысын, белгіленген мерзімдердің сақталуын және құрылыс сапасын қадағалайды.

Отырыс соңында партия төрағасы жұмыс нәтижесінің басты өлшемі ел тұрғындары нақты сезінетін оң өзгерістер болуға тиіс екенін атап өтті.