Шығыс Қазақстан облысында Пихтовка өзені арқылы салынған жаңа көпірмен көлік қозғалысы салтанатты түрде ашылды
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, жол саласы ұйымдарының өкілдері және басқа да қатысушылар қатысты, деп хабарлайды Astana TV.
Биіктігі 45 метрге жететін жаңа көпірдің ашылуымен қатар, республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 28 шақырымында қайта жаңғыртудың негізгі жұмыстары аяқталды. Жаңа жол Осинов асуының күрделі бұралаң бөлігін айналып өтуге мүмкіндік береді. Бұл қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, өңірдегі елді мекендер мен туристік нысандарға қатынауды жеңілдетеді.
Жаңа бағыттағы ең ірі инженерлік нысан – Пихтовка өзені арқылы салынған ұзындығы 175 метрлік көпір. Оның тау шатқалындағы биіктігі 45 метрге дейін жетеді. Көпір жеті аралық пен сегіз тіректен тұрады. Құрылысына 79 темірбетон пайдаланылған.
Құрылыс күрделі таулы жерде жүргізіліп, арнайы инженерлік шешімдерді қажет етті. Атап айтқанда, көпір тау бедерінің ерекшеліктеріне қарай иілген бағытта салынды.
Жаңа жолдың ашылуы Шығыс Қазақстан үшін айрықша маңызды. Осинов асуы ұзақ жылдар бойы республикалық жолдардың ең күрделі бөліктерінің бірі саналып келді. Күрт бұрылыстар, ұзақ өрлер, қалың қар мен көктайғақ, әсіресе қыс мезгілінде көлік қозғалысын едәуір қиындататын.
Енді жүргізушілер асудың ең күрделі бұралаң тұстарын айналып өте алады. Бұл жыл бойы қауіпсіз әрі тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасайды.
Қайта жаңғырту аясында 28 шақырым жолдың бойына жол негізінің төменгі және жоғарғы қабаттары, сондай-ақ асфальтбетон жамылғысының екі қабаты толық төселді.
Құрылыс барысында 545 мың текше метр жер жұмысы және 603 мың текше метр бұрғылау-жару жұмысы атқарылды.
Сонымен қатар екі көпір мен 38 су өткізу құбыры салынды. Оның ішінде мал айдап өткізуге арналған екі өткел бар. Құрылысқа 135 маман мен 65 техника жұмылдырылды.
Жолдың жаңартылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етеді.
Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарына қатынау жеңілдеп, ішкі туризмді, кәсіпкерлікті және жүк тасымалын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірдің пайдалануға берілуі мен 28 шақырым жолдағы негізгі жұмыстардың аяқталуы – Шығыс Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды кезең.