БҚО-да бір түнгі рейд барысында 20 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

Polisia.kz

БҚО-да бір түнгі рейд барысында 20 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды хабарлайды Astana TV.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облысының полицейлері түнгі рейд жүргізді. "Каникул" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 30 қазан күні кешкі уақыттан түн ортасына дейін полиция қызметкерлері Орал қаласындағы 12 ойын-сауық орнын тексерді. Рейдтің негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың заңды құқықтарын қорғау. Тексеру нәтижесінде 20 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Атап айтқанда:

- кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаудың 1 фактісі;

- кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуының 17 фактісі;

- тыныштықты бұзудың 2 фактісі тіркелді.

Аталған деректер бойынша жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері әлеуметтік жағдайы төмен 12 отбасының тұрмыс жағдайымен танысу мақсатында үйлеріне барды. Отбасы мүшелерімен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, ата-аналарға бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері түсіндірілді. Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.