Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Astana TV.
Ақмола облысында Астана – Петропавл тасжолында бірнеше көлік соқтығысып, үш адам көз жұмды. Оқиға бүгін, 1 қарашада болған.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол апатынан екі адам оқиға орнында қаза тапқан. Тағы бір зардап шеккен адам ауруханада көз жұмды. Апаттан жараланғандар да бар.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүргізіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу аясында апаттың мән-жайы анықталады.
Полиция мәліметінше, жол апатына үштен астам көлік қатысқан. Алайда олардың нақты саны әзірге белгісіз.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол және ауа райы жағдайын ескеріп, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, арақашықтықты сақтауға және жол ережелерін қатаң орындауға шақырды.