ҚР Президентінің тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысында Тереңсай (Осинов) асуын айналып өтетін жаңа жол мен Пихтовка өзені арқылы салынған көпір ашылды, деп хабарлайды Astana TV.
ШҚО баспасөз қызметінің ақпаратынша, бұл жоба өңірдегі жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Үкімет басшысының тапсырмасымен өңірге келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.
«Мемлекет басшысы жолдардың сапасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Оның тапсырмаларының орындалуы халық үшін нақты нәтижесін беруі керек. Яғни жол қауіпсіздігі артып, елді мекендер арасындағы жол жүру уақыты қысқаруы тиіс. Жаңа айналма жол бұралаңы көп тау жолын айналып өтуге мүмкіндік береді. Қашықтықтары алшақ, қысы қатал Шығыс Қазақстан үшін бұл аса маңызды», - деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.
Тереңсай асуы ұзақ жылдар бойы жүргізушілер үшін жолдың ең күрделі учаскелерінің бірі болып келді. Әсіресе қыс мезгілінде қарлы боран мен көктайғақ жол қозғалысын қиындатып, көліктердің жүруіне уақытша шектеу қоюға себеп болатын. Асудағы тік бұрылыстар мен өрлер де жүргізушілерден ерекше сақтықты талап ететін.
«Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың негізінде халықтың өмір сүру сапасын арттыру, қалалар мен ауылдарда қолайлы жағдай жасау міндеті тұр. Бұл жолдың ашылуы - осы бағыттағы нақты қадам. Шығысқазақстандықтар Тереңсай асуынан өту қаншалықты қиын болғанын, әсіресе қыста жолдың машақаты көп екенін жақсы біледі. Сондықтан жаңа бағытты көптен күтті. Бұл жолмен адамдар үйлеріне, жұмысқа, туған-туыстарына барады, түрлі тауар тасымалдайды. Біз үшін ең бастысы, осындай сапарлардың қауіпсіз әрі қолайлы болуы», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Айналма жолдың құрылысы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапынан республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын дамыту және жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Ал Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірді салу жол құрылысының ең жауапты кезеңдерінің бірі болды.
«Жоба аясындағы ең күрделі учаске Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір құрылысы болды. Оның ұзындығы - 175 метр, шатқал үстіндегі биіктігі - 45 метр. Құрылым жеті аралықтан және сегіз тіректен тұрады. Шатқалдың жер бедері мен геологиялық ерекшеліктері арнайы инженерлік шешімдерді қажет етті. Нысанның сенімділігі мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылыс барысында күрделі табиғи жағдайлар ескерілді», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Жаңа жолдың пайдалануға берілуі Бұқтырма су қоймасына, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне және «Рахман қайнарлары» шипажайына баратын жолды да қолайлы ете түседі. Бұл өңірдің табиғаты көркем жерлеріне келетін туристер санын арттыруға да ықпал етуі мүмкін. Ең бастысы, жол инфрақұрылымының жақсаруы шалғай елді мекендерге жетуді жеңілдетіп, Шығыс Қазақстандағы экономикалық және әлеуметтік байланыстардың нығаюына жағдай жасайды.
Қазақстандағы ең биік автокөлік көпірінің ашылуы - Шығыс Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық оқиға. Күрделі жер бедерінде бой көтерген көпір енді жүргізушілерге қауіпсіз бағыт ұсынып, өңірдегі көлік қатынасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.