«Кітап оқитын ұлт»: Астана мектептерінде менторларға арналған семинар-практикумдар өтіп жатыр

Фото: Астана әкімдігі

Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында мектеп менторларына арналған оқыту семинар-практикумдары өтіп жатыр, деп хабарлайды  Astana TV. 

Іс-шараларды Астана қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесі қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастыруда. Алғашқы кездесулер 30 қазанда Байқоңыр және Сарыарқа аудандары мектептерінің өкілдерімен өткізілді. Алдағы бірнеше күнде осындай семинарларды қаланың барлық ауданындағы мектептерде өткізу жоспарланып отыр.

Семинарлардың негізгі тақырыбы – «Ментор қызметін ұйымдастырудың басқару тетіктері мен алгоритмдері». Оқытудың мақсаты – менторлар жұмысының тиімділігін арттыру, марафонға қатысушыларды сүйемелдеудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру, оқушылардың кітап оқу белсенділігін арттыру және нәтижелерді бақылаудың практикалық құралдарын енгізу.

Семинар бағдарламасының басты ерекшелігі – теориялық ақпаратпен шектелмей, қатысушыларды нақты жұмыс жағдайларына дайындау. Осы мақсатта практикумға психолог Бұлбұл Мұсирәлина арнайы шақырылды. Ол сабақтың бастапқы кезеңінде психологиялық жаттығулар өткізіп, қатысушылардың коммуникациялық дағдыларын дамытуға, өзара әрекеттесу ерекшеліктерін түсінуге және нақты жағдаяттарды талдауға дайындалуына көмектеседі.

Семинарлардың практикалық бөлімін Астана қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жақсыбай Боранбаев жүргізеді. Қатысушылар ментор жұмысының алгоритмдерімен танысып, рөлдік тапсырмаларды орындайды, жағдаяттық кейстерді талдайды және жобаны іске асыру барысында туындайтын мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп қарастырады.

Практикум барысында оқушылармен, педагогтермен және ата-аналармен өзара іс-қимыл жасау, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқылған кітаптар бойынша пікірлердің уақытылы жариялануын қамтамасыз ету және ментор жұмысының нәтижелілігін бағалау мәселелеріне ерекше назар аударылады.

«Біздің міндетіміз – мектептердің жобаға қатысуын қамтамасыз етумен ғана шектелмей, оқушылардың кітап оқу дағдысында нақты өзгерістерге қол жеткізу. Ол үшін ментор әр қатысушымен қалай жұмыс істеу керектігін түсініп, белсенділіктің төмендеу себептерін анықтап, қажетті қолдау көрсетіп, оқушыны нақты нәтижеге дейін сүйемелдеуі керек. Сондықтан біз практикалық алгоритмдерге және мамандар күнделікті жұмысында кездесетін жағдаяттарды талдауға басымдық беріп отырмыз», – деді Жақсыбай Боранбаев.

Семинар-практикумдардың қорытындысы бойынша менторлар жұмысын үйлестіруді күшейту, жобаға қатысушыларды сүйемелдеу жүйесін жетілдіру және марафонның нақты нәтижелеріне, соның ішінде оқушылардың оқу белсенділігі мен тапсырмаларды уақытылы орындауына назар аудару көзделіп отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Кітап оқитын ұлт» жобасының тиімділігі тіркелген қатысушылардың немесе өткізілген іс-шаралардың санымен ғана өлшенбеуі керек. Ең басты көрсеткіш – шын мәнінде кітап оқитын, оқығанын саралайтын және тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыратын оқушылардың үлесі.